Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлдебір алаяқтардың кесірінен Батыс Қазақстандағы қарапайым тұрғынның басы дауға қалды

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2017
  • 3061

Әлдебір алаяқтардың кесірінен батысқазақстандық тұрғынның басы дауға қалды. Оның атынан Алматыда үш бірдей фирма ашылыпты, және мемлекетке қарызы екі миллион теңгеден асқан. Алайда ауылдың қарапайым тұрғыны "бұған мүлде қатысым жоқ" деп отыр. Жергілікті жауапты органдардың өкілдері мәселенің байыбына бару үшін Алматыға сапарлау керек деп кеңес берген. Бірақ өмірінде ауылдан ұзап шықпаған азамат үшін сонша жерге бару да оңай емес. Қазір осы тақырыпты жалғастыруға оралдық әріптесім дайын тұр.  Еркін, сөз кезегі өзіңізде.  

Еркін Карин, тілші:

Серік Ислямов өзінің атына фирма тіркелгенін кездейсоқ білген. Кейін құзырлы органдарға арыз береді. Біраз уақытқа тыныштық орнағандай болады. Бірақ екі жылдан кейін Серіктің атында тағы екі фирманың бар екендігі белгілі болады. Енді бұл іске нүкте қою үшін, ол Алматыға баруы керек. Бірақ  қаупі басым. 

Серік Ислямов, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны:

Мен анда ешкімді танымаймын. Бәлен миллионды төлей де алмаймын, шыны керек. Анда барғанда мені өлтіріп тастайды әлде тонайды. Менің отбасым, бес балам бар. Менің отбасымды кім қарайды? Кімнен көмек сұраймын? Кімге жүгінем?

Алматыда тіркелген бұл фирмалар мемлекетке салығын уақытылы төлемеген. Қазір жиналған қарыз қомақты соманы құрайды.

Заңғар Шындəлі, Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

1,5 миллион теңге салық берешегі бар. Салық заңнамасы бойынша біз міндетті түрде хабарлама жібереміз салық берешегін өтеу туралы. Ол берешектің пайда болғанынан он күн ішінде жауап берілмесе, салық төленбесе, біз есепшоттарына тыйым саламыз.

Заңгерлер мұндай жағдайға көбіне адамдардың өздерін кінәлайды. Өйткені кәсіпорын ашу үшін жеке басын куәландыратын құжат пен сенімхат жеткілікті. Бірақ Алматыдан екі мың шақырымдай қашықтықта өмір сүріп жатқан ауыл тұрғынының құжаттары қалай пайдаланылған? Бұл сұрақтың жауабы әзірге табылмай тұр.

Еркін Карин, тілші:

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында жалған кәсіпкерлік бойынша 50-ге тарта қылмыстық іс қозғалып, құжаттарды қолдан рәсімдеп сатпақ болған үш адам ұсталған. 36 қылмыстық іс сотқа жіберілген. Жалған кәсіпкерліктен мемлекетке келген шығын 10 миллиард теңгеге жуықтайды. Сондықтан мамандар құжаттарға барынша абай болуға кеңес береді. Жоқ жерден салық дауына қалған қарапайым ауыл тұрғыны мен шын мәнінде төлемнен жалтарып жүргендер жайлы толығырақ ертең "Біздің уақыт" бағдарламасынан көре аласыздар.

Бізбен тікелей байланысқа шыққан Оралдағы меншікті тілшіміз Еркін Карин болатын.