Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда шала туған сәбилердің 70 пайызы адам қатарына қосылады - "Ана мен бала" ҰҒО

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2017
  • 7364

Әлемде жыл сайын 15 миллионға тарта нәресте шала туылады екен. Оның 1 миллионға жуығы дүние есігін ашпай жатып көз жұмса, тағы біразы физикалық, неврологиялық дертке шалдығады. Дегенмен, жыл сайын бұл көрсеткіш жақсарып келеді. Мысалы, Қазақстанда шала туған сәбилердің 70 пайызы адам қатарына қосылады.

Мұндағы балалар жыламайтындай көрінді бізге. Дәрігерді емес, туған әжесін көргендей қуанады. Ақ халаттылар да бұл сәбилердің әрқайсының атын, тіпті салмағы мен бойын жатқа біледі. 7 айлығында шала туған Зеренің сол кезде 1 келі 200 грамм болғанына ешкім сенбейді. Бүгін міне құлдыраңдап шауып жүр. 

Іңкәр Айтпайқызы, Зеренің анасы:

Больницада 1 айдай уақыт жаттық. 1 кг 800 грамм болып шықтық. Құдайға шүкір, 1 жастағы баламен дамуы бірдей.

Халықаралық шала туған нәрестелер күніне орай орталық мамандары ана құрсағынан асығыс шыққан нәрестелермен кездесіп, мәре-сәре болып жатыр. Күні бойы 14 сала бойынша 30-дан астам дәрігер сәбилерді түрлі медициналық тексерістен өткізеді. Ашық есік күніне Қазақстанның өзге аймақтарынан келгендер де бар. 

Лилия Хасанова, «Ана мен бала» ҰҒО педиатрия бөлімінің басшысы:

Күніне біздің бөлімге 200-250 дей бала келеді. Ал бүгін ашық еск күніне былтыр 1000-ға жуық бала келген, биылда сонша келеді деп күтіп отырмыз. Сағат 8-ден бастап қабылдап жатырмыз, бәріне көмек көрсетуге дайынбыз. Ал мынау жансақтау бөлімі. Шала туған тағы бір шарананы қарсы алып жатыр. Алдымен нәрестенің қан қысымы, жүрек қағысы, кейін салмағы мен бойы өлшенеді. Бұған дейін шақалақтарға тек мейірбикелер қарайтын, ана мен бала орталығы бұл үрдісті бұзып, алғаш рет ер адамды «мейір аға» етіп жұмысқа алған. Атпал азаматтардың арасында балаға ерекше мейіріммен қарайтындар аз емес.

Табысбек Шашубеков, мейір аға:

Сағат сайын трубкасын тазалап отырамыз. Қазір санация жасап жатырмын. Одан басқа 3 сағат сайын тамағын беріп, жүргегін ауыстырып, терісіне күтім жасаймыз.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Міне мына залалсыздандыру гелінің көлемі 1 литр. Ал біздің кішкентай кейіпкердің салмағы бұдан екі есе аз, 500 граммдай ғана... Сірә, сіз жарық дүниеге келгенде кемі 3 не 4 келі арасында болған шығарсыз, алайда біздің кішкентай кейіпкеріміз - жарық дүниеге асығып келгендердің бірі. Дәрігерлер оның денсаулығы жақсы, жүрек қағысы қалыпты дейді. Дегенмен біраз уақыт бақылауда болады.

Кейбір мемлекеттерде сәби 24-26 аптада дүниеге келсе, ем-домына қажет қаражатты ата-анасы төлеуге міндеттеледі екен. Ал, бізде жағдай өзгеше. Ана мен балаға қаншалықты көңіл бөлінетіні мұндағы мамандардың жарты келіге де жетпей туған шақалақты адам қатарына қосқанынан-ақ білініп тұрған сыңайлы.