Русский Сайттың толық нұсқасы

Байқоңырда алғашқы нысандар отандық көгілдір отынға қосылды

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2017
  • 2872

Байқоңырға қазақстандық табиғи газ тартылды. Ол балабақша, мектеп және 6 көп қабатты тұрғын үйге қосылған. Қалған үйлер мен кәсіпорындарға газ кесте бойынша тартылмақ. Газдандыру мәселесі Қазақстан мен Ресейдің үкіметаралық комиссиясының бірнеше отырысында талқыланып, оң шешімін тапқан болатын.

Жарты ғасырдан астам уақыт Байқоңырда тұрып келе жатқан Өтегеновтер отбасы үшін бүгін айтулы күн. Осы уақытқа дейін тұрмыста сұйытылған газ пайдаланып келген қала тұрғындары енді көгілдір отынның шарапатын көрмек.

Балапан Өтегенова, Байқоңыр қаласының тұрғыны:

Әдепкі кезде мұндай газ болған жоқ, баллонмен жақтық. Мінекей енді Қазақстанымыздың арқасында газ келіп жатыр, қуанып жатырмыз.

Қаланы газдандыруға ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниясының қосқан үлесі қомақты. Осыдан бірнеше жыл бұрын автоматты газ тарату станциясын салып, газ құбырын тартып, инфрақұрылымды әзірлеп те қойған болатын. Тек биыл маусым айында Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысында жоба ресми бекітілді. 19 қазанда Байқоңыр тарихында тұңғыш рет қалалық «Газ шаруашылығы» мекемесі, «ҚазТрансГаз» және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-дары арасында келісімге қол қойылды.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

Табиғи газды пайдалану тек тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар үшін ғана емес, барлық өндірістік кәсіпорындар үшін де маңызды. Менің ойымша, қала экономикасының дамуында да бұл газ маңызды рөлін атқарады. Қазақстан Үкіметі Байқоныр қаласы мен оған тиіп тұрған Төретам, Ақай елді мекендерінің жаңа даму жоспарын бекітті.

Манас Тасыбаев «Казтрансгазаймақ» АҚ бас директоры:

Табиғи газ - жылулық, жайлылықпен қатар қауіпсіздік пен айтарлықтай қаражатты үнемдеу. Жиырма мыңнан астам абонентті газ құбырына қосу жоспарланып отыр. Ұлттық оператор қажетті инфрақұрылымды толығымен салып қойды, пайдалануға дайын.

Байқоңырдың газдандырылуына «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының іске қосылуы жол ашса, енді міне үш жүзден астам көп қабатты үй тұрғындары да Өтегеновтер отбасы сияқты көгілдір отынды пайдалана бастайды. Шуаққа бөленген отбасылардың газ саласы мамандарына алғыстан басқа айтары жоқ.

Шарипа САҚТАПОВА