Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстан облысы "Нұрлы жер" бағдарламасымен тұрғын үйлерді пайдалануға беруде көш бастап тұр

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2017
  • 3364

Батыс Қазақстан облысы "Нұрлы жер" бағдарламасымен тұрғын үйлерді пайдалануға беруде көш бастап тұр. Бұл туралы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің аймаққа сапары кезінде белгілі болды. "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары өңірде өзге де мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Мемлекет қолдауымен ісі өрге басқан «Кублей» кәсіпорны қалбырда бұқтырылған ет дайындайды. Жоба құны - 900 миллион теңге. Кәсіпорынның жылына 5 жарым мың тонна ет дайындауға мүмкіндігі бар. Дайын өнімнің жартысы отандық нарыққа, қалғаны экспортқа шығарылады.

Рахим Нағметов, «Кублей» ЖШС техникалық директоры:

Иран еліне ет жібергелі жатырмыз. Бүгінге дейін үш жүк көлігін жөнелттік. Сонымен қатар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына да ет экспорттаймыз.

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының игілігін көрген іргелі кәсіпорындардың бірі - «Стекло-сервис» компаниясы - термотөзімді әйнектер дайындайды. Өнімін Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарымен қатар, көрші Ресейге де жіберетін кәсіпорын шыны бұйымдарының импортын қысқартып, экспортты күшейтуді көздеп отыр.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Президенттің үдемелі индустриалды даму бағдарламасы бойынша тек Батыс Қазақстан облысына 340 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген екен. Бұл өте үлкен қаражат. Сол қаражатқа қазірдің өзінде 30-дан астам жаңа кәсіпорын салынған және жұмыс істеп тұр, өңірге жұмыс істеп тұр, Қазақстанға жұмыс істеп тұр. Міне, Елбасының айтатын экономиканы диверсификациялау керек дегенде, дәл осы мәселені көтеріп отыр.

Мұндай жоғары технологиялық өндірістің келешегі зор екенін айтқан «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары білікті мамандар қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің орны ерек. Мұнда дуальді оқыту жүйесі тәжірибе ретінде енгізілген. Яғни студенттер теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік алды. Енді оқу орнында заман талабына сай жаңа мамандықтар ашу жоспарланып отыр.

Серік Мұхамбетәлиев, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің директоры:

Қазір жақсы геодезистер жетіспейді. Геодезия мамандығы және сала бойынша геологтар керек. Осы бағытта біз жұмыстанып жатырмыз. Және бір мамандығымыз - құрылыс мамандығын болашақта бакалавр ашу жөнінде жұмыстанып жатырмыз.

Оралдағы сапарында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан 180 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысып, оң бағасын берді. Өйткені Батыс Қазақстан облысы тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөнінен еліміз бойынша бірінші орында. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы екі жылдың ішінде өңірге шамамен 20 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлініпті. Партия төрағасының бірінші орынбасары нұротандықтардың маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен мемлекет қаражатының тиімді жұмсалуын ұдайы бақылауда ұстайтынын атап өтті.

Еркін КАРИН