Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстан облысында ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді

  • AstanaTV
  • 27 қараша 2017
  • 3137

Оңтүстік Қазақстан облысында ірі жол-көлік апаты тіркелді. Салдарынан жеті адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Бір адам ауруханаға жетпей, жан тапсырды. Қайғылы оқиға шағын  автобустың "жүк көлігінің тіркемесіне" соқтығысуынан орын алған. Оқиғаның мән-жайын Айзада Төребекқызы айтады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Алматы-Термез тас жолындағы көлік қақтығысынан зардап шеккендердің екеуі - жасөспірім. 7 және 13 жастағы балалардың бас миы шайқалған. Облыстық  балалар ауруханасына жеткізілген олардың өміріне төніп тұрған қауіп жоқ, - дейді дәрігерлер. Ал Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасындағы екі науқастың жағдайы ауыр.

Сәбит Байбосынов, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы қабылдау бөлімінің басшысы:

Үшеуі әйел кісі, біреуі еркек. Оның біреуі жоспарлы нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды, жағдайы орташа ауырлықпен. Диагнозы - жабық ми жарақаты, мидың  шайқалу диагнозымен. Екеуі  қосарланған ауыр жарақат. Бастың жабық ми жарақаты, мидың шайқалу диагнозы. Біреуінің жамбас сүйегінің сынуы, сан сүйегінің сынуы жарақаты шогымен жансақтау бөлімшесінде ем қабылдауда.

Ішкі істер департаменті өкілінің мәліметінше, жансақтау бөліміне жатқызылғандардың бірі - шағын автобустың жүргізушісі. Көліктегі азаматтардың барлығы бір әулеттің адамдары көрінеді. Төлеби ауданының тұрғындары шағын автобусты жалдап Сарыағаш қаласына тойға барып келе жатқан.

Жадыра Алтаева, зардап шегуші:

Ұйықтап жатқанбыз ғой. Сөйтіп, қалай болғанын білмеймін. Ұрылдық қой. Қарасам, креслоның астында жатырмыз.

Жол апаты бүгін түнде Қазығұрт асуында болды. Қақтығыстың қатты болғаны сонша, көлік ішіндегі жолаушыларды шығару үшін құтқарушылардың көмегіне жүгінуге тура келген. Апат салдарынан 1981 жылы туған азаматша ауруханаға жетпей көз жұмды. Қазір оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.

Салтанат Қаракөзова,  ОҚО ІІД ресми өкілі:

Негізінде екі автокөлік те бір бағытта келе жатқан. «Старекс» микроавтобусының жүргізушінің КамАЗ-дың артынан келіп соққан. Қазіргі таңда  бұл жәйт Төлеби аудандық ІІБ сотқа дейінгі бірыңғай тергеп тексеру тізіліміне тіркелді. ҚР ҚК 345 бабы бойынша сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Полицияның дерегінше, шағын көлікте жүргізушіні қосқанда сегіз адам болған. Екі жолаушы алғашқы медициналық көмектен соң үйлеріне жіберіліпті. Ал жол апатының нақты себебі әзірге белгісіз.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ