Русский Сайттың толық нұсқасы

Байқоңырдағы Ресейге жалға берілген нысандар қайтарылып жатыр

  • AstanaTV
  • 27 қараша 2017
  • 3440

Байқоңырдағы Ресейге жалға берілген нысандар қайтарылып жатыр. Сондай-ақ ғарыш айлағында қаңырап босқа тұрған 100-ге жуық нысан жойылды. Олар Ресей Федерациясына жалға берілген құрылымдардың тізімінен де шығарылған. Бұл туралы біздің арнамызға Қазақстан Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі Серік Қожаниязов мәлімдеді.

Жалпы ғарыш айлағында үш мыңға тарта нысан бар. Жартысынан астамы, яғни 56 пайызы ғарыш бағдарламаларына пайдаланылмайды. Мамандар бұл нысандарды болашағы жоқ деп таныған. Қожаниязовтың айтуынша, Ресей тарапы, қажетсіз ғимараттарды жою жобасының екінші кезеңін іске асыруды ұсынған. Олардың қатарында ғарыш айлағындағы үш жүзге жуық бос тұрған нысан белгіленді. 

Серік Қожаниязов, ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі:

Мүлде пайдаға жарамайтындарын жоямыз. Ал жарамды дегендерін пайдалануға тырысамыз. Ол жақта қауіпсіздік режимі болғандықтан, инвестор тарту қиын. Десе де, кей нысандарға сұраныс бар. Оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолына жақын орналасқан жанар-жағармай сақтайтын цистерналарға қызығушылық білдірді. Сол аумақта ауыстырып тиеу базасын салу туралы ұсыныспен шықты.

Сонымен қатар Байқоңыр қаласының орталығында қанырап бос тұрған нысандар да тізімге алына бастады. Арнайы өкілдің айтуынша, оларды түгелімен іске қосу көзделген. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашып, жергілікті халықты еңбекпен қамту қарастырылып отыр. Қазірдің өзінде ресейліктерге жалға берілген 13 ірі нысан Қызылорда облысы әкімдігінің меншігіне өтті.

Серік Қожаниязов, ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі:

Мысалы, бұрынғы мектепаралық оқу комбинатын Қармақшы ауданының әкімдігіне береміз. Олар сол жерден балабақша ашуды жоспарлады. Екі-үш нысан Қазалы ауданына беріледі. Онда жергілікті өнімдерді сататын дүкендер ашылады. Тігін фабрикасын ашу да жоспарда бар.