Астанада сиыр етінің бастапқы бағасы төмендеп келеді. Бұл туралы "Астана" телеарнасына ет сатумен айналысатын кәсіпкерлер айтты. Ал ranking.kz веб-сайтының ақпарынша, жекелей алғанда сиыр етінің құны ең қымбат межені көрсетіп отыр. EtMai.kz порталының сарапшылары 2002 жыл мен 2015 жыл аралығында ет өнімдерін пайдалану 11 мыңнан 22 мың тоннаға дейін артқанын айтады.
Ақмола облысының фермері Төлеген Жұбаев демалыс күндері өтетін жәрмеңкедегі ет бағасына көңілі толатынын айтады. Келісін 1200 тг-ден алады. Ал өзі сиыр етін алып-сатарларға 1 мың теңгеден сатады екен. Ал оны сауда сөрелеріне әкелудің қиындығы көп дейді.
Төлеген Жұбаев, «Бастау» ЖК құрылтайшысы:
Алып сатарлар көбіне келеді де, сатып ала береді. Ал, тіпті осы Шапағат базарын мысалға алсақ, ауылдықтар үшін, осында келіп, кезекке тұрып, орынға, лабораторияға ақша төлеу тиімсіз.
Қасымхан Шәріповтың сөзінше, жаппай саудада сиыр етінің бағасы төмендеген. Бұған тіпті «соғым» кезеңі де әсер етпегендей. Дегенмен, алдағы қыста, боран болып, жол жабылса баға қайта шарықтауы мүмкін. Астанаға жеткізілетін еттің басым бөлігі ауылдағы жеке фермерлерден алынады. Ал олар көбіне малын қысқа қарай сойып сатқанды жөн көреді.
Қасымхан Шәріпов, «Фермаг» дүкендер жүйесінің басшысы:
Тіпті шаруалардың өзі күзге қарай, малдың күйі көтерілгенде сатқанды жөн көреді. Сәйкесінше, қыстың басында саудалап жатады. Ал, көктемде пышаққа ілінер мал жоқ, салдарынан ет бағасы да қымбаттай береді.
Көктемде кәсіпкерлер шаруалардан сиыр етінің келісін 1300 тг-ден алған. Қазір көлемінің артуына орай ол 1200-1250 теңге шамасында. Ал, дүкенде 1300-1600 теңге аралығында саудаланады. Бұндай баға тіпті базардағы келісіне 1350-1800 теңгемен саудаланатын сатушыларға да бәсекелес бола алады. Жақында ашылған "Ақмол" дүкенінде ет нарық бағасынан арзанға сатылып жатыр. Себебі өнім сөреге бірден фермерлерден жеткізіледі.
Жанат Байдуллаева, «Ақмол» дүкенінің сатушысы:
Бізде сиыр етінің бағасы 1400 теңгеден басталады. Сан еті мен фарш 1500 теңгеден. Күніне 150-200 келідей ет сатып жатырмыз.
Осылайша, алып сатарлардың бағаның құбылуына кәдімгідей ықпал ететіні байқалды. Алғашқысы малды бағып семірткен соң сойып, етін базарға жеткізеді. Оны мұндағы алып сатарлар қағып алады. Мұнан соң сауда үйінің сатушыларына жөнелтіледі. Осының бәрі бастапқы бағамен соңғы бағаның арасының алшақтауына әкеп соғады. ranking.kz сайтының ақпаратынша, сиыр еті бағасы бір жылда 16 пайызға көтерілген. Астанада келісі шамамен - 1660 теңге.