Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанға Канададан радионуклидтік бекет әкелінеді

  • AstanaTV
  • 29 қараша 2017
  • 3144

2018 жылы елімізде радиоактивті инерттік газды тексеруге арналған канадалық радионуклидтік станса іске қосылады. Осыған орай Энергетика министрлігі Канаданың сыртқы істер, сауда және даму министрлігі өкілдерімен тиісті меморандумға қол қойды. Аталған құжат ядролық сынақтарға тыйым салуды қамтитын Келісімді сақтауға мүмкіндік бермек. Қазақстан мен Канада оның қатысушысы болып табылады. Радионуклидтік лаборатория ядролық сынақ салдарынан қалыптасқан радиоактивті газды дер кезінде анықтауға арналған. Құны 1,6 млн Канада долларына бағаланған бекет бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағында іске қосылмақ. Жұмыстарды Курчатов ұлттық ядролық орталығының мамандары жүргізеді. Айта кетерлігі, әлемде қазақстандық стансаны қосқанда дәл осындай 16 радионуклидтік бекет бар.

Бақытжан Жақсалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:

Қазақстанға радионуклидтік стансаның әкелінуі ядролық сынақтарға тыйым салуды қамтитын келісімді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл бекет ядролық сынақтар салдарынан қалыптасқан радиоактивтік инертті газдың әуе мониторингін күшейтуге жол ашады.  Дүниежүзінде жаппай қырып жою қаруының таралуын шектеу режимін күшейте түспек.