Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстанда грантқа оқуға түсіруден дәмелілер сан соғып қалды

  • AstanaTV
  • 29 қараша 2017
  • 3902

Оңтүстік Қазақстанда "жоғарғы оқу орнына тегін оқуға түсіремін" деген пысықайлар жұрттың 10 млн теңгеден астам қаржысын қалтаға басқан. Мемлекеттік оқу грантын саудаға салғандар ҰБТ-дан сүрінгендердің сеніміне кіріп, ақша алған. "Балам ақысыз оқуға қабылданады" деп дәмеленген ата-аналардың алды 1 миллион, ал ең аз дегені 300 мыңды алаяқтарға санап берген. Бірнеше ай бойы сотта қаралған мәселеге нүкте қойылып, 31 жастағы айыпталушы екі жыл жаза арқалады. Алайда жәбірленуші тарап бұл үкімге қанағаттанбай отыр. 

Алаяқтарға алданғандардың бірі - Мақтарал ауданының тұрғыны Жұлдызай Мамырова. Қызы, ұлттық бірыңғай тесттен тиісті балл жинай алмаған соң, кешенді тестке құжат тапсырмақ болады. Мұны естіген мұғалімі «100 пайыз кепілдікпен грантқа түсіретін адам бар» деп үгіттеп қоймаған көрінеді.

Жұлдызай Мамырова, жәбірленуші:

Класс жетекшісі өзінің мектебінде істейді неше жылдан бері, содан кейін сендік біз бұл кісіге. Өзі үйге келіп алып жүр, ақшаны да бәрін өзі әкетіп отыр. -Қанша бердіңіз? - 900мың теңге бердім. Медакадемияға түсіріп берем Асфендияровқа деп алып кетті.

Уәдені үйіп-төгіп елдің ақшасын алдап алған 31 жастағы айыпталушы сотта кінәсін ішінара мойындады. Кәмелетке толмаған үш баласын асырау үшін осындай қателікке бардым деген ол  шынайы өкінетінін жеткізді.

Еркін Оспанов, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы:

Қанаева Әйкерім Қалабаевна ҚР ҚК 190 бабының 2-ші бөлігімен дәлелденіп танылып, оған осы баппен қылмыстық жолмен тапқан жеке мүлкін тәркілеп, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленсін.

Сот шешімімен ол азаматтарға келтірген шығынды өтеуге міндеттелді. Құзырлы орынның дерегінше, Қанаева 22 адамның сеніміне кіріп, бас-аяғы 10 млн теңгеден астам ақшаны иемденген. Оның бұған дейін де алаяқтық әрекетімен қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Гүлжан Әбдіхалықова, адвокат: 

Қанаеваның қасында осы жәбірленушілердің сеніміне қиянат жасап, алдап, ақшасын тікелей қолма қол алған мектеп мұғалімдері бар. Осы мұғалімдерге қатысты іс бойынша олар айыптаудан тыс қалып қойған. Қылмыстық іс бойынша біреуі куә, біреуі жәбірленуші болып отыр.  

Ербол Сейтбеков, мемлекеттік айыптаушы, Әл-Фараби ауданының прокуроры:

Жәбірленуші Жамбаева мен куә Татаеваға қатысты оларды жауапқа тарту жайлы жазған арыз-шағымдарына байланысты, олармен жасалған заңсыз әрекеттер бөлігінде сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін, істі бөлектеп, құжаттарды прокуратураға қайтару туралы біз өтініш білдірдік. Қазіргі таңда сотпен бұл мәселе қаралу барысында. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Мемлекеттік айыптаушы қылмыстық істе қос мұғалімнің куә және жәбірленуші болып саналуын олардың алаяқтық әрекеттен бейхабар болуымен түсіндірді. Ал соттың үкіміне келіспеген мақтаралдық ата-аналардың бір тобы енді апелляциялық шағым әзірлеп жатыр. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ