Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда Назарбаев атындағы даңғылдың пайда болуын қоғам қалай қабылдады

  • AstanaTV
  • 30 қараша 2017
  • 2998

Назарбаев даңғылы. Тұңғыш Президент күні қарсаңында Алматыдағы көрікті көшелердің бірі Елбасының есімін иеленді. Бұл бастама шахар әкімі тарапынан көтерілген еді. Бүгін осыған қатысты шешімді қалалық мәслихат депутаттары мақұлдады. Мұнан өзге бір бірін қайталайтын 100-ге жуық көшелердің де атауы өзгерді. Басты жаңалықты қоғам қалай қабылдап жатыр?! Тілшіміз Ришат Асқарбекұлы толықтырады.

Жаңалықты Алматы қаласы әкімінің өзі жариялады. Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясына келген Бауыржан Байбек шахар көшелерінің атауларын өзгертуді күн тәртібіне қойған. Себебі мегаполисте ономастикаға қатысты мәселе көп сынға ұшырайтын. Шағын аудандарда көше атауларының қайталануы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жазылып та, айтылып та жүр. Бауыржан Байбек қоғамда қызу талқыға түскен Фурманов көшесінің жаңа атауына қатысты ұсынысты жария етті.  

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Тұңғыш Президент, Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін Алматыдағы орталық көшелердің біріне, Фурманов көшесіне беру жөнінде көптеген өтініштер келіп түсті. Мұндай ұсыныстар бұған дейін де болып жатты. Фейсбукте бірнеше посттар жарық көрсе, тек жастардан 10 мыңнан астам үндеу келіп түсті. Оған дейін 20-дан астам үкіметтік емес ұйымдардан нақты ұсыныстар келген болатын.

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек ері:

Бұл көше - ерекше көше. Алматы - ерекше қала, тәуелсіздіктің алтын бесігі осы жерден басталған. Осы ыстық суықты бірге көріп келе жатқан Елбасының атының берілуі - халықтың өз бақытын бағалай алуы деген сөз.

Мәслихат депутаттарының ешқайсысы тартынып қалмады. Заңдық құқықтарын пайдаланып, көшенің жаңа атауын бекітіп жіберді. Фурманов көшесі Елбасы атымен бірге, даңғыл мәртебесін де алды. Билік қабылдаған шешімге орай қарапайым халықтың пікірі қандай?!

Мәжіліс солай ұйғарса,  Назарбаев атын берсе, көреміз, осы көшеде тұрамыз.

Жаңалықтардан естідім, елдің бәрі айтып жүр, қуаныштымыз.

Шынымды айтсам, басында таң қалдым. Бірақ, меніңше, бұлай өзгеруі елдің өзгергені деген сөз, сондықтан тек жақсы болады бәрі деп сенемін.

«Википедия» жылнамасы түске дейін Фурманов көшесінің атауын «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы» деп өзгертіп үлгерді. Тарих қойнауына кеткен атаудың Алматы көшесіне нақты қай жылы берілгені туралы мұнда ақпарат жоқ. Ал «Фурманов» атауы жазылған тақталар ғимараттардың қабырғасынан әлі алына қоймаған. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қазір мен Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылдың бойына түсіп, жүріп келемін.  Алматыдағы ең көркем әрі кең көшелердің бірі Сүйінбай даңғылынан басталып, Қажымұқан көшесіне дейін созылып жатыр. Шаһардың негізгі әкімшілік орталығындағы көше орыс прозаигі, Чапаев дивизиясының комиссары Дмитрий Фурмановтың атымен енді аталмайды. Бірақ қазір көше бойында қызыл комиссар ескерткіші әлі өз орнында тұр. 

Мәслихат шешімімен бұрын қосарланып аталатын атаулар да бір ізге түсті. Абай көшесі 12 рет, Жамбыл көшесі 13 рет, ал Райымбек батыр көшесі 8 рет қайталанатын. Олардың орнына Қазақстан тарихындағы елеулі тұлғалардың есімдері берілетін болады. Көше атауларына қатысты мәліметтер Халыққа қызмет көрсететін орталықтарда да жедел жаңартылып жатыр, дейді әкімдік өкілдері.

Ришат Асқарбекұлы