Қол қойылған жол картасының
арқасында қазақ-қырғыз шекарасындағы күшейтілген режим жойылды. Бұған алдымен
қос елге қатынап жүрген жүк тасымалдаушы көлік жүргізушілері қуанып жатыр.
Кеденшілер сағатына 20 жүк көлігін тексеріп, жөнелтуде. 2 айға жалғасқан
кептеліс түбегейлі жойылды ма? Қырғыз еліне барып қайтқан Данияр Әлімқұл
шекарадағы жағдайды көріп қайтты.
Бұған дейінгі екі ай ішінде
еркін саудаға жол жабылған болатын. Сауда-саттық сап тиылмаса да, саябырсып
қалған. Қазақтардың «Айша бибі», қырғыздардың «Шоң қақпа» кеден бекеті - осы.
Тараздан 50 шақырым жердегі өткізу пунктінде қазір ұзын-сонар кептелістің
жұрнағы да қалмаған.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Екі ел арасындағы шиеленістің шемімі табылғалы, шекарадан шектеу алынды. Көптен бері кептеліп тұрған көліктер кедергісіз арлы-берлі ағылуда. Әсіресе қырғыз тарапы қатал тәртіп, қатаң тексеріс қоймаған. Қос ел арасындағы қатынаушылар солай дейді. Ал қазіргі шекарадағы жағдай қалай екенін көлік жүргізушілерінің өзінен сұрап көрсек.
- Байке, шекарадағы жағдай қалай, жол ашық па?
Файзулла
Айтбаев, Қырғыз Республикасының азаматы:
Ашық,
ашық, все нормально. Вот, только что пришли, без очереди зайдем. Говорят вчера
открыли. -Қазақстанға не зат алып бара жатырсыз? - У меня яблоко.
Рахым Өмірзақов, Қырғыз Республикасының азаматы:
Енді жақсы болды. Мен өтіп келдім. Алла разы болсын Қазақстанға. Рахмет. Қазақ-қырғыз бір туған дейді. Анау кеденде кезек жоқ мүлдем. Барсақ, бір-екі адам. Ары өтесің, бері өтесің, жақсы болды.
Осылайша, Жамбыл облысымен шекарасы шектесіп жатқан қырғызбен қарым-қатынастың тамырына қайта қан жүгіре бастады. Қордай мен Меркідегі жағдай да осындай. Бірақ әзірге ресми орындар жылымық жағдайға байланысты ақпарат беруге асықпайды.
Данияр
ӘЛІМҚҰЛ