Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресей Бас штабының басшысы Сирия террористерден тазартылғанын мәлімдеді

  • AstanaTV
  • 07 желтоқсан 2017
  • 2579

Сирия ДАИШ террористерінен тазартылды. Ресей Бас штабының басшысы Валерий Герасимов осындай мәлімдеме жасады. Мұны Рейтерс агенттігі хабарлады. Оның мәліметінше, генерал Сухела әскері мен 5-ші ерікті шабуылдау корпусы Дейр-эз-Зор провинциясында қалған лаңкестерді тас талқан еткен. Оған үкіметтік күш қосылып, Салихия, Эль-Хрейта, Эль-Катья және Мусалаха кенттері лаңкестерден тазартылған. Герасимовтың айтуынша, барлық әрекет ресейлік әскери кеңесшілердің жоспары бойынша жасалған. Олар үкіметтік күш топтарында болған. Лаңкестер көзін жоюға күрд жасақтарының да айтарлықтай үлесі болғанын айтты.

Ал америкалық коалиция террористерді талқандауда аса рөл атқармады деп отыр. Олар биыл 11 айлық шабуылдан соң Ракка қаласын азат еткен. Бас штаб басшысы олардың әуе соққысынан қалалардың 90 пайызы талқан болып, адам тұруға жарамсыз болып қалғанын айтады. Енді Ресей қорғаныс министрлігі, Ирактың батысындағы лаңкестерді жою үшін, АҚШ-қа қол ұшын созуға дайын екенін мәлімдеді. Ресей Сириядағы ДАИШ лаңкестерімен күресті Сирия билігінің өтнішімен 2015 жылы бастаған еді.