Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда бағытты автобустардың саны қысқарды

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2017
  • 3037

Оралда бағытты автобустардың саны қысқарды. Орал қалалық жолаушы көлігі және автокөлік жолдары бөлімі тиімсіз деп танылған төрт маршрутты желіден алып тастаған. Бірақ бұл қысқарту жолаушыларға ауыр тиді. Таңертеңгі қарбаласта жұмысына жете алмай ашуланған тұрғындар автобустардың санын көбейтпей, жағдай түзелмейтінін айтады. Жолынан қалған жолаушылардың мұңын Еркін Карин тыңдады.

Еркін Карин, тілші:

Жаңа өзгерістер ізімен қалаішілік маршруттар саны төртеуге қысқарды. Ал адам нөпірін азайту мақсатында жолаушы тасымалдаушылар шағын автобустарды мынадай сыйымдылығы үлкен көліктермен алмастыруды жоспарлап отыр.

Бірақ баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр. Жолаушыға лық толған автобустар аялдамаларға тоқтамай асады. Ал ызғырық желдің өтінде бүрсеңдеп автобус күткендердің ішінде мектеп оқушылары да бар.

Гүлия Закарина, Орал қаласының тұрғыны:

Біздер арасында 20-30 минут күтеміз автобустарды. Халық өте көп. Мынау ғой тұрысымыз, міне алмай тұрамыз. Таксиге мінеміз. Час пикте үнемі таксиге мінеміз.

Назгүл Қазмағамбетова, Орал қаласының тұрғыны:

10 минут, 20 минут күтеміз осылай.

Еділбай Мақашев, Орал қаласының тұрғыны:

Қой, қайдағы он минут? 50 минут күтіп тұрмыз ғой манадан бері. Мына халыққа да обал болды. 10 минут, 5 минуты несі? Манадан бері екі автобус өтіп кетті. Қатып қалдық. Күнде-күнде жұмыстан кешігуге ұят. Білмеймін енді қалай болатынын?

Ал жолаушы тасымалдаушылар бұл өзгерісті құптап отыр. Өйткені қалаішілік маршруттардың көбісі бірін-бірі қайталайды. Осының кесірінен адам аз мінеді. Жолаушы аз болғасын, табыс та мәз емес. Шығынымыз шаш-етектен деген тасымалдаушылар тамыз айында 80 теңге болған жолақының өзін де азсынып отыр.

Саян Нұрмұхамбетов, жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын басшысы:

Толық ақтау үшін қалалық экономика бөлімі есептеді ғой. 185 теңге болуы керек жолақы. Рентабельділікке 30 пайыз қосты ғой. Бірақ енді түсініп отырмыз. Бұл жолаушыларға, біздің қалалық тұрғындарға көтере алмайтын баға.

Ал жолаушы көлігі бөлімі тұрғындарға жайлы жағдай жасауды көздеп отырғанын айтады. Бұл үшін «ГАЗель» секілді шағын автобустардан құтылу керек. Қазір қала ішінде қатынайтын 120 осындай көліктің тек 66-сы қалдырылыпты. Сонда адамдар жұмысқа асығатын қарбалас айтарлықтай жеңілдемек.

Қайрат Мұхамбетқалиев, Орал қалалық жолаушы көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

Ең алдымен 54 «ГАЗель» көлігін алып тастадық. Өйткені бұл көліктер қауіпсіз емес. Жол апатына түскен жағдайда ең алдымен жолаушылар зардап шегеді. Осыны ескере отырып, адам аз жүретін 4 маршрутты қажетсіз деп таптық.

Дегенмен қоғамдық көліктер кестесін оңтайландыру жұмыстары әлі жалғаса береді. Қазір қала әкімдігі бағытты автобустарға субсидия беру мәселесін қарастыруда. Бұл үшін қала маңы мен саяжайларға қатынайтын әлеуметтік маршруттарға  бюджеттен 34 миллион теңге бөлініпті.

Еркін КАРИН