Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды кәсіпорындарында жаңа технологияны меңгерген мамандар жетіспейді

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2017
  • 2789

Қарағанды кәсіпорындарында жаңа технологияны меңгерген мамандар жетіспейді. Әсіресе, ІТ, нанотехнология, автоматтандыру және басқару, инженерлік экономика, электроэнергетика мен су-жылу құбырларының инженерлері тапшы. Бұл туралы бүгін бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қызметкер іздеп келген мекеме өкілдері мәлімдеді. Айжан Қуаш тарқатады.

Шыңғыс Жақсылықов, болашақ ІТ маманы, алдағы жазда Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін тәмамдасымен жұмысқа орналаспақшы. Өз кәсібінің беделін білетін түлек жәрмеңкеге жұмыс іздеп келсе де, кәсіпорындарға қояр талабы мен талғамы жоғары. Ең бастысы, әрине, жоғары жалақы.

Шыңғыс Жақсылықов, ҚарМТУ 4-курс студенті:

Ең бастысы, қызықтыратын нәрсе, ол - жалақысы. Жалақысы 150 мыңнан жоғары. Менің ойымша, кәсіпорындардың жеке көлік, жеке пәтер дегендей, бізге мүмкіндік берулеріне мүмкіндіктері бар. Негізінен ақпараттық технологиялар мамандығына жұмыс табу қиынға соқтырмайды деп ойлаймын.

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне келген мыңнан астам түлектің арманы - жоғары жалақы мен беделді қызмет. Олар бүгін 80-нен астам жұмыс берушімен бетпе-бет кездесіп, резюмелерін қалдырды. Екі тарап бір-біріне өз талаптары мен мүмкіндіктерін айтты.

Айбат Қайыржанов, ҚарМТУ 4-курс студенті:

Жалақысы бірінші орында. Денсаулыққа зиянды емес, жұмыстық тұрақтылығы, имиджі маңызды.

Өкінішке орай, жастардың талабын орындауға кәсіпорындар дайын емес. Олар, жас маманның өндірістегі кәсіби шеберлігін танып білмейінше, жоғары жалақы төлей алмайтындарын айтады. Сондықтан жаңа технологияның тілін білетін мамандар бір орында тұрақтамайды.

Динара Габдрахманова, ЖШС өкілі:

Жастардың талғамы жоғары. Шағын нәрседен бастағылары келмейді. Өсу перспективасына қарамайды. Бірден биікке қол созған дұрыс емес. Біз тәжірибеден өткен студент жауапты, жақсы маман екенін көрсек бірден қабылдаймыз. Соңғы 5 жылда жастарды тарту саясатына бет алдық.

Еңбек нарығында жаңа технологиялармен байланысты салалардың мамандарына сұраныс жоғары. Оқу орындары да мониторинг жасап, жұмыс берушілердің тапсырысына сай студенттерді оқытады. Өткен жылы Қарағанды облысындағы 9 жоғарғы оқу орны түлектерінің 86 пайызы жұмысқа орналасқан. Жекеленген университеттерде бұл көрсеткіш тіптен көп. Бірақ, олар тұрақтап қалмайтындықтан, кадр тапшылығы жойылмай отыр.

Аристотель Исағұлов,  ҚарМТУ ректоры:

Былтыр 95 пайыз біздің түлектер жұмысқа орналасты. Мынадай мамандықтарға сұраныстар бар: тау-кен, металлургия, автоматизация, құрылыс, электроэнергетика, теплоэнергетика.

Айжан Қуаш, тілші:

Бүгінгі жәрмеңкеден аңғарғанымыз, жұмыс берушілер мен жастардың талаптары мен талғамдары жер мен көктей. Жас мамандар көбіне жоғары жалақыға қызықса, кәсіпорындар, керісінше, тәжірибеге қарайды. Бүгінгі таңда белең алған жастар арасындағы жұмыссыздықтың бір себебі де - осы.

Айжан Қуаш