Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында құрылыс алаңында ауыр жарақат алған құрылысшы жәрдем сұрайды

  • AstanaTV
  • 06 желтоқсан 2017
  • 4114

Алматы облысында құрылыс алаңында биіктіктен құлаған азамат көмекке зәру. Сауда орталығын салып жатқан құрылыс компаниясында дәнекерлеуші болып жұмыс істеген Шәймерден Жүнісбеков бір айдан бері төсекке таңылып жатыр. Бірнеше рет ота жасалғанымен, жағдайы оңалмаған құрылысшы компания басшыларын кінә артады.

Еңбек инспекциясының мамандары, дәнекерлеушінің өзі қауіпсіздік ережелерін ескермеген деп, қорытынды шығарған. Ал құрылыс мекемесі науқастың емін төлеуге неге құлықсыз? Мәселенің мән-жайын тілші анықтауға тырысты.

Шәймерден Жүнісбеков баласымен бірге Алматы маңындағы құрылыс нысандарының бірінде дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Оқыс оқиға биыл 8 қарашада болған. Абайсызда үстіңгі қабаттан құлап, ауыр дене жарақатын алған.

Бақытжан Шәймерден, науқастың баласы:

Люктан түсіп кеткен жаңағы істеп жатқан жердегі. Люк жабылмаған да, ашық қалған.

Бір айдан бері аурухана төсегіне таңылған азаматқа бірнеше ота жасалған. Ол әлі күнге дейін өз еркімен орнынан тұра алмайды. Жамбасы бірнеше жерден сынып, қол сүйектері үгітілген.

Рамазан Әскеров, қалалық №7 клиникалық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі:

Науқас ауыр жағдайда келіп түсті. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, оған тиісті медициналық көмек көрсетілді. Жамбас сүйегіне ота жасалды, жауырыны шығып кеткенін байқадық. Ол қалпына келтірілді. Ми шайқалуы да бар.

Шәймерден Жүнісбеков өзінің жарымжан болуына құрылыс компаниясының басшыларын кінәлайды. Нысанда қауіпсіздік ережелері сақталмайды деп отыр. Кәсіпорын өкілдері бастапқыда төбе көрсеткенімен, ары қарай ем алуға көмектеспей отыр дейді. Науқасты дәрігерлер жақында аурухананың ақылы бөліміне ауыстырған.  

Шәймерден Жүнісбеков, науқас:

Жақында еңбек инспекторы келген. Содан айтты, бар емді бастықтары төлейді деп, қағаздарға қол қойдырып алып кетті. Қайдан? Трудовой инспектор да жоқ, жаңағы басшы да. Қайда барамын енді ары емделу үшін?

Ал құрылыс алаңындағы компанияның өкілдері оқыс оқиғаға жұмысшының өзін кінәлап отыр.  Алматы облыстық еңбек инспекциясы өкілдері мен компания басшылары біріккен комиссия қортындысында апат жұмысшының қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан болған деп, кінәнің 70 пайызы өзіне артылған. 

Еңбек инспекциясының қорытындысы:

Жүнісбеков құрылыс алаңындағы қауіпті алдын ала ескермеген. Өзіне бекітілген ұстаның рұқсатынсыз жұмыс орнын тастап кеткен. Сөйтіп металды дәнекерлеу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзған. Оқиға бойынша кінәнің 70 пайызы жұмысшыға артылып отыр. Қалған 30 пайызына жұмыс беруші жауапты.

Владислав Пак, «И.Кұрдас» ЖШС директоры:

Біздің жұмысшылар шатырда жұмыс істеген кезде, технологиялық тесіктердің барлығы жабық тұрады. Адамдар құлап кетпес үшін, оны жауып жүреміз. Ол өзінің қай тесікке түсіп кеткенін еш жерде түсіндіре алмады. Ал оны ашу оңай емес, ауыр темір қақпақпен жабық тұрады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Шәймерден Жүнісбековтің құрылыс компаниясымен арада еңбек келісімшарты болған. Сондықтан еңбек заңнамасына сай сотқа беріп, істің ақ-қарасын анықтауға құқығы бар. Бірақ қазір сот емес, жан қайғы болып жатқан азаматқа ұзақ уақыт емделу керек. Дәрігерлер оны 26 қарашада ақылы бөлімге ауыстырған. Туыстарының айтуынша, төсек тартып жатқан науқастың 20 күндік еміне 300 мың теңге қажет.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ