Русский Сайттың толық нұсқасы

«Мойнақ» су электр станциясы 5 жылда жергілікті бюджетке 500 миллион теңгеге жуық қаражат түсірген

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2017
  • 11117

Экологиялық таза электр энергиясын шығаратын "Мойнақ" су электр стансасы 5 жыл ішінде  5 млрд Квт-тан аса қуат өндірген. Алматы қаласы мен Алматы облысына ток көзін тарататын станса қуатын әлі де арттырмақ. Президент іске қосқан ауқымды жоба жұмысымен тілшіміз танысып келді.

Бес жыл ішінде жергілікті бюджетке 500 миллион теңгеге жуық қаражат түсірген ауқымды жоба қарқынды дамып келеді. Қазірдің өзінде оңтүстік өңірді электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Мойнақ су электр стансасының жылдық қуаты 1 млрд кВт/с құрайды. 127 адамды жұмыспен қамтып отырған стансаның басқарма төрағасы, атқарылған іс - ұжымдық еңбектің жемісі, дейді.

Абай Асылов, «Мойнақ СЭС» басқарма төрағасы:

Жылына орташа есеппен 1 млрд кВт электр энергиясы өндірілуде. Электр энергиясын өндіру қуаты 300 мВт құрайды. Осы ретте «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және «Самұрық Энерго» АҚ қолдауы бізге ерекше.

Бестөбе су қоймасынан станцияға созылған су жолының да ерекшелігі бар. Яғни 500 метр жоғарыда орналасқан қоймадағы суды тау ішін жара  9 шақырымнан аса қашықтықтан,  биіктігі 5 метрлік құбырмен жеткізеді. Бұл су үнемділігіне септігін тигізіп, сапалы энергия көзін алуға мүмкіндік береді.

Ғалымжан Айдарбеков, «Мойнақ СЭС» басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары:

Бөгемеден төмен жатқан Кеңсу өзенін бұрып, соның нәтижесінде тағы да қосымша 100 млн кВт сағатқа электр энергиясын арттыру мақсатымызда бар. Бүкіл жұмыс тәртібі автоматтандырылған. Сондықтан да бұл жерде жұмыс атқаратын мамандар өз ісінің шебері десек болады.

Станцияның жүрегі, миы мен көзі - ол орталық басқару пункті. Жоба іске қосылғанда жұмысқа тұрған Әлібектің айтуынша, дәл осы жерде станцияның барлық әрекеті қадағаланады.

Әлібек Күзімбеков, станса ауысымының аға басшысы:

Бұл жерде біз жабдықтардың қалыпсыз жұмыс істеуін бақылап отырамыз. Және де сапалы энергия өнімін шығаруды бақылап отырамыз.

Мойнақ су электр стансасының тағы бір ерекшелігі - жұмысшыларға жақсы жағдай жасалған. Станса маңынан 80 үйлі энергетиктер ауылы салынып, барлық инфрақұрылыммен жабдықталған. 

Олжас НҰРЖАҚЫП