Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанға келген Гана азаматы домбыраның құлағында ойнайды

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2017
  • 3521

Ганадан Қазақстанға қоныс аударған Мозес Зибо домбыраның құлағында ойнайды. Өзіне Мұсабек деген лақап ат қойған ол қазақ өнеріне ғашық екенін айтады. Қазір шетел азаматы жиын-тойларда әннен шашу шашып, тамылжыта күй орындап, жұртты таң-тамаша етіп жүр. Мұсабекпен біздің тілшілер кездесіп келді.

Гана азаматы Қазақстанда өнерлі болсаң, табыс табуға болатынын бірден байқапты. Ағылшын тілінің оқытушысы ретінде келіп, жұмыс істеп жүргенде, қазақтың өнеріне деген қызығушылығы артады. Алдымен тілдерді меңгерген. Кейін домбыра шертуді үйренеді. Қазір ұлттық аспаптың құлағында ойнаймын, дейді.

Ол күй ойнағанда жұрт «қара бала» деп қол соғып, қошемет көрсетеді. Мозес қазақ тойларында өзін «Мұсабек» деп таныстырып, ән-күй шертеді. Ол үшін ақы алып, табыс тауып жүргенін де жасырмайды.

Мозес Зибо, Гана азаматы:

Гитарада 5-6 ішек болады, кейбірінде 7-еу болады. Ал мұнда бар-жоғы екі ішек. Соның өзінен қандай керемет әуендер шығады?! Алғаш мен қолға алғанда, қатты таңғалдым. Содан қызығушылығым артып, домбырада ойнауды бастап кеттім. Қазір кез-келген күйді орындай аламын.

Қазақстанға ағылшын тілінен сабақ беру үшін келген мұғалім ендігі болашағын осы елмен байланыстырады.

Мозес Зибо, Гана азаматы:

Менен ағылшын тілін үйренген студенттердің көбі қазір АҚШ, Англияда білімдерін жалғастырып жатыр. Мен өз болашағымды Қазақстанмен байланыстырамын. Кейде менің нағыз отаным осы жер сияқты болып тұрады. Осы елдің келешегі үшін еңбек еткім келеді. 

Мозес осыдан үш жыл бұрын өскемендік орыс қызына үйленіп, бала сүйген. Қазір Мұсабек жаңажылдық кештерде орындайтын жаңа туындылар жаздырып жатыр.

Мен қазақтың қара баласы - Мұсабекпін.

Ришат Асқарбекұлы