Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде үш жетім бала өздерін асырап алған отбасынан қашып кетті

  • AstanaTV
  • 11 желтоқсан 2017
  • 3708

Ақтөбеде отбасына асырауға берілген үш жетім бала қашып кетті. Сабақтан соң үйге оралудың орнына қалалық білім бөліміне келген оларды мамандар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізген. Ал тәрбиесіне алған отбасы балалардан бас тартып отыр. Мәселенің мән-жайын аймақтағы әріптесім Жақсыбек Кемал біліп қайтты.

Светлана Мусина 14 жеткіншекті тәрбиелеп отыр. Қашып кеткен 13 жасар Арсен мен оның қарындасы Каринаны қамқорлығына алғанына бір жылға жуықтапты. Ағайындылар бұған дейін басқа отбасында тәрбиеленген. Светлананың айтуынша, Арсен үш ай бұрын қашып кетіп, қайта оралыпты. Қамқоршы әйел оларға еріп кеткен Аленаны қайта алуға қарсы емес. Алайда ағайындыларды енді бауырыма баспаймын деп отыр.

Светлана  Мусина:

Үшінші рет тәуекелге барғым келмейді. Бұл жолы олар менің ұрғанымды айтыпты. Сенер-сенбесімді білмедім.

Өзге балалардың бұл отбасынан кеткілері жоқ. Өздеріне қамқорлық көрсетіп, тәрбиелеп отырған жандарға риза екенін айтады.

Николай Тучин,  тәрбиеленуші:

Папа ұрысқан жоқ, мама да ұрысқан жоқ, білмеймін неге кетіп қалғаны Папам ұрыспайды, ештеңе істемейді, дұрыс істемесең, айқайлайды шамалы, но ұрмайды. Жақсы папам, мамам да жақсы, ол бізге ақша алғанда бізге бәрін сатып алып береді.

Қалалық білім бөлімінің мамандары есейіп қалған балаларды тәрбиелеу отбасыларға қиынға соғатынын айтады. Ал, қашып кеткен Арсеннің «Қамқоршым ұрып-соқты» деген шағымына қатысты тексеріс жүргізілмек.

Ағырыс Шағырова, қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

«Ұрлық жасағаны үшін Светлана Борисовна қол жұмсаған. Біз қазіргі таңда тексеріс жүргізіп, нәтижесінде шара қолданамыз».

Қашқан балалар қазір кәмелет жасына толмағандарға арналған уақытша бейімдеу орталығында. Олармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Егер алдағы үш ай ішінде  жасөспірімдерді қамқорлыққа алатын отбасы табылмаса, «Алға» балалар үйіне жіберілетін болады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жалпы, білім бөлімінің мәліметінше, қазір Ақтөбеде барлығы 440 бала  қорғаншылықта өмір сүріп жатыр. Ал, облыста 2 балалар үйі мен 4 отбасылық үлгідегі мекеме бар. Онда 146 бала тәрбиеленіп жатыр.

Жақсыбек КЕМАЛ