Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық кәсіпкерлерге тікелей инвестиция тарту үшін жаңа сауда алаңы құрылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2017
  • 3921

Кәсіпкерлердің инвестицияны тікелей тартуы үшін жаңа биржа алаңы құрылуы мүмкін. Бұл жанама компаниялардың қатысуынсыз бизнеске қаржы құюға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Алматыда өткен жиында «Қазына Капитал Менеджмент» қорының өкілдері осындай ұсынысын жеткізді. Қаржы мамандарының пікірінше, шағын-орта кәсіпкерлікті дамытуда бұл идея өте ұтымды болар еді. 

Шағын-орта бизнес үшін қосымша инвестиция тарту аса маңызды. Қазіргі уақытта бұл банктерден несие алудан да күрделі болып тұр. Мамандар кәсібін енді бастап жатқан азаматты толғандыратын мәселені шешудің тың жолын ұсынады. Ол - тікелей инвестициялар биржасын құру. Басқаша айтқанда, кәсіпкерлікті дамытуға қажетті инвестицияны оңай жолмен алатын ортақ алаң болуы керек, дейді бастамашылар.

Асқар Достияров, «Қазына капитал менеджмент» АҚ басқарма төрағасы:

Егер ол жақын арада құрылып, жүзеге асса, инвестицияны кәсіпкерлікті дамытуға тікелей бағыттауға мүмкіндік туады. Тек «Қазына Капитал Менеджмент» осы алаңға 120 млрд теңгеге жуық инвестициялық қорын шығаруға дайын. Меніңше, бұл шағын-орта кәсіп иелерінІң банктерден алатын несие қаржысына балама іспетті. Яғни олар табанынан таусылып, өзіне қажетті инвестицияны әр жерден іздеп жүрмейтін болады. 

«Қазына Капитал Менеджемент» компаниясы өткен 10 жылда 60-тан астам бизнес жобаларды қаржыландыруға қатысқан. Акционерлік қоғам ел экономикасына, оның ішінде өндірістік салаға 400 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартты. Ал осы жылдар ішінде одан түскен пайданың көлемі 56 млрд теңгеге жуықтайды.

Бизнесті дамытуға тікелей қаражат тарту алаңын құруды брокерлер де, биржа өкілдері мен кәсіпкерлер де қолдап отыр. Бірақ оның нақты қашан жүзеге асатыны туралы сұрақ әзірге басы ашық күйде тұр.

Ғабиден Балғынбеков, «Асыл» қаржылық тобы директорлар кеңесі төрағасы:

Бүгінгі көтерілген мәселе бойынша оның іске асуы әбден ықтимал. Менің ойымша, мына инвесторлық база ретінде көп мәселе жоқ. Ең басты мәселе - жақсы проекттер ұсыну. Ең басты мәселе - сол ақшаның қайтарымы және өсімі. Бұл компаниялар шын мәніде қанша пайызға өседі, табыс әкеле ме инвесторларға.

Кеңеске қатысушылар бастаманың дер кезінде қолға алынғанын айтады. Және оның сәтті боларынан үміттеніп отыр. Ал «Қазына Капитал Менеджмент» компаниясының өкілдері биржа алаңын құру ұсынысының әлі де талқыланатынын айтады. Олардың сөзіншекелесі жылы жоба сынақ түрінде қолданысқа енетін болады.