Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы саяжайларда ұрлық өршіп тұр

  • AstanaTV
  • 14 желтоқсан 2017
  • 3438

Оралдағы саяжайларда ұрлық өршіп тұр. Тонаушылардан жапа шеккен тұрғындар полицияның көмегінен де күдер үзген. Олардың сөзінше, ұрлық әсіресе қыста көбейеді. Ат шаптырым аумақты жалғыз қоритын күзетшіден қайран жоқ. Осыны жақсы білетін ұрылар әбден дәнігіп алған көрінеді.

Еркін Карин, тілші:

Қыс бойы иесіз қалатын саяжайларды ұры-қары жиі жағалайды. Қожайыны жоқ мекеннен ұрлаған заттарын олжа көреді. Тіпті әбден еркінсігені соншалық, қақпаларды осылай ашық-шашық тастап кететін болған. Осылай аңырайған аулаларға қарап, қайсысының тоналғанын білу қиын емес.

Саяжай тұрғындары ұрлықтың биыл қыста да көбейгенін айтады. Сондықтан үйді иесіз қалдырмауға тырысады. Әйтпесе терезені сындырып кірген тонаушылар түгін қалдырмай тонап кетеді. Ал жалғыз күзетшіден қайран жоқ.

Рауза Жұмабаева, саяжай тұрғыны:

Есіктерді сындырып бұзып, ішке кіріп, заттарды былай көп алмаған. Мына жерде бір-екі үйді ашқан. Мына жерде бірер терезені бұзған. Ол не болса да, осының ішіндегі кісілер, өйткені даладан келмейді. Бізге келу - ахирет!

Орман-тоғайдың арасындағы саяжайларға жаяу түгілі, көлікпен қатынау қиын. Осы аумақты бақылауға алу үшін бір ай бұрын салт атты полиция взводы құрылды. Өйткені жұрт көзінен тасадағы саяжайларда қылмыс көп жасалады. Жазғы үйін ұрылар үптеп кеткенін енді білген Әнуар Шабакаев сақшылардан қайран жоқ дейді.

Әнуар Шабакаев, Орал қаласының тұрғыны:

Ұрылар терезенің торын кесіп, ішке кірген. Үйдің астаң-кестеңін шығарып, біраз құралымды әкеткен. Екінші қабаттағы теледидарға ғана тимепті. Ал салт атты полиция саяжайды тек сыртынан айналып өте шығады. Егер ішін аралап, аулаларға дұрыстап зер салса, ұрлық азаяр еді.

Құқық қорғаушылар тұрғындардың өз дүниесіне мұқият болуы керектігін ескертеді. Бір күн ішінде ғана салт атты полицейлер үш қылмыстың ізін суытпай ашқан.

Динара Абдулкаликова, Орал қалалық ІІБ ЖПБ аға инспекторы:

Саяжай қожайындары заттарын иесіз қалдырып кетеді. Әрі жаздық үйінің  тоналғанын дер кезінде білмейді. Келер көктемде ғана шағымданады. Саяжайға бағалы заттарын қалдырмай, ала кету керек. Немесе сұқ көзден таса көрінбейтін жерге жасырып кету арқылы сақтануға болады.

Орал қаласының аумағында 20 мыңдай саяжай бар. Полиция дерегінше, жыл басынан бері 186 ұрлық тіркеліпті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35% аз. Алайда тұрғындар мұнымен келіспейді. Керісінше, ұрлық бірнеше есе артқан дейді. Өйткені ұрылардың табыларынан үмітін үзгендер көбіне тәртіп сақшыларына шағымдана бермейді. Саяжайдағы ұрлық көрсеткішінің аз болатыны да осыдан деген пікірден олар танбай отыр.