Русский Сайттың толық нұсқасы

2017 жылдың 10 айында 1740 балаға қарсы қылмыс жасалған

  • AstanaTV
  • 20 желтоқсан 2017
  • 3158

"Балалар құқығын қорғайтын мемлекеттік бағдарлама қабылдансын". Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева үкіметке осындай ұсыныспен шықты. Ресми мәліметке сай, осы жылдың 10 айында 1740 балаға қатысты қылмыс жасалған. Олардың  248-і зорлық-зомбылық фактілері бойынша. 31 бала айуандықпен өлтірілген. Соңғы 5 жылда мектеп оқушыларының 22 пайызы түрлі ауруға шалдыққан. 81,5 мың бала мүгедек. Жыл сайын 200-дей  бала үйінен немесе тәрбие мекемелерінен қашып кететін көрінеді. Осындай көңіл көншітпейтін сандарды келтірген депутат ата-анасы тірі болса да, панасыз қалып жатқан балалар санының артып кеткеніне алаңдайды. Қазақстандағы бала құқығы жөніндегі уәкіл сондай-ақ жеткіншектер жасаған қылмыстардың саны да азаймай отырғанын айтты.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:  

Балалар демалу керек, спортпен шұғылдану керек. Сабақты оқыған кезде тек қана сабақ емес, сабақты да дұрыс беруіміз керек. Ол Үкіметтің міндеті. Неге балаларға көзқарасы төмендеп бара жатыр? Сондықтан бүгіннен бастап ол бағдарламаны дайындап, қабылдап, іске асыруға міндетпіз.