Русский Сайттың толық нұсқасы

"Азық-түлік корпорациясының" тұрақсыз баға саясаты тапшылыққа соқтыруы мүмкін - АШМ

  • AstanaTV
  • 26 желтоқсан 2017
  • 2985

"Азық-түлік корпорациясы" шаруалардан қосымша 2 млн тонна бидай сатып алады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Қайрат Айтуғанов мәлімдеді. Айтуынша, бидай нарығында жағдай мәз емес. Дәнді дақылға сұраныс та, баға да түсіп кеткен. Ал шаруалардың банк алдындағы қарызы күн санап өсуде. Оған қоса, келесі жылы қуаңшылық болады деген болжам бар. Бидайдың арзандауына Ресеймен шекаралас қалалардан келетін заңсыз тасымал да әсер етіп отырған көрінеді.

 Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

Бидай нарығындағы дәстүрлі ойыншы "Азық-түлік корпорациясы" белсенділік таныта алмады. Сатып алу кезінде баға саясатының тұрақсыздығы да әсер етті. Маусым басында тоннасы 42 мың теңге болса, кейін 39 мыңға түсіп кетті.

Бұл ұсынысқа Үкімет мүшелері қолдау білдірді. Премьер-министр әкімдерге өңірде арнайы штаб құруды тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Облыс әкімдері сатып алу бойынша арнайы штаб құруы керек. Әкімдік өкілдерінен бөлек, қоғам белсенділері, "Атамекен", Шаруалар одағы, басқа да тұлғаларды тарту керек. Ақша қажетті қолға жетті ме, әлде қазіргідей Ресейге немесе басқа да жерге кетіп жатқан жоқ па, соны қадағалау қажет.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ