Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыдағы түзету мекемесінде балалар үшін жаңа жылдық мереке өтті

  • AstanaTV
  • 26 желтоқсан 2017
  • 4086

Түрмедегі жаңа жыл. Қарағанды облысының Долинка кентінде орналасқан абақтыда жазасын өтеушілердің балалары жаңа жылдық мерекеге қатысты. Бұл шараны АК 159/7 мекемесінің қызметкерлері ұйымдастырған. Ерекше ертеңгілік Қазақстанда тұңғыш рет өтті. Және сотталғандардың отбасы үшін тосын сый болды.

6 жасар Нұртілектің микрофон ұсынғанда айтқан алғашқы сөзі осы. 1 жарым жылдан бері әкесін ауруханада деп ойлайды. Қатты сағынған. Бұл жолы жаңа жылдық ертеңгілікке анасы екеуі Қарағандыдан 700 шақырым қашықтағы Приозерск қаласынан келді.

Әлия Курбатова:

Балам деген папасын өте жақсы көреді ғой. Қатты қуанышына сыймай отыр. Бәріне кіріп келе жатқан мейрамдары құтты болсын. Осындай күндер бола берсін. Жақсылық қана тілеймін.

Мұрат Қарамысов, жазасын өтеуші:

Осындай ашық есік күні болып тұрса, бала-шағамызды көріп, кездесіп тұрсақ - қуаныш. Бәріне де тілеймін сол қуанышты.

Абақтыдағы ертеңгілікте талай бала әкесімен қауышып, сағынышын басты. Бүлдіршіндердің арасында әкесін алғаш көріп тұрғандар да бар. Шат-шадыман болған сәбилер бүгін жаңа жылды тұңғыш рет отбасымен түгел бірлікте қарсы алды.

Ертегі кейіпкерлерін сотталғандардың өздері сомдаған. Біреуі Аяз Ата, енді бірі мыстан кемпір болып ойнады. Бейкүнә бүлдіршіндер оларға тақпақ айтып, сыйлықтарын алды. Бұл - түзету мекемесі қызметкерлерінің жазасын өтеп жатқан азаматтардың отбасына жасаған тосын сыйы.

Нұркен Жанахметов, Қарағанды облысы прокурорының орынбасары:

Балалардың ешқандай жазығы жоқ деп ойлаймын. Сол себепті ерекше жасап отырмыз. Балалар өздері көрсін, бірге болсын, жаңа жыл бірге қарсы алатын жағдай деп. Әрине, бұл енді отбасымен бірге болсын. Ұмытпасын, әкелерін ұмытпасын балалар.

Ал дүниеге келгелі әкесін көрмеген Варяның қуанышында шек жоқ. Виктор Шевченко өзгелермен бірлесіп қызына арнап қардан мүсіндер жасаған. Бүгін туындыларын отбасымен бірге тамашалады.

Виктор Шевченко, жазасын өтеуші:

Мереке қарсаңында жақындарымызбен кездестік. Мұндай шаралар бізге де, балаларымызға да керек. Бізді жақындастырады, темір тордың ар жағында жалғыз еместігімізді сезіндік.

Мұнда ауыр және аса ауыр қылмыс жасап, қатаң режимдегі абақтыға қамалғандар отыр. Кейбірінің әлі 15-20 жыл жаза мерзімі бар. Бірақ көбісі рақымшылықпен мерзімінен бұрын босап шығуға үмітті. Бүлдіршіндер де әкелерінің тезірек үйге оралғанын тілейді. Түрмедегі ертеңгілікке келген балалардың арманы осы.

Айжан ҚУАШ