Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда мүмкіндігі шектеулі биші "Нұр Отан" партиясының арқасында халықаралық жарыста жеңімпаз атанды

  • AstanaTV
  • 02 тамыз 2017
  • 2479

Қызылжарда мүмкіндігі шектеулі биші "Нұр Отан" партиясының арқасында халықаралық жарыста жеңімпаз атанды. Даниял Қанғожин бала кезінде қате жасалған екпенің кесірінен есту және сөйлеу қабілетінен айырылған.

Мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан, ата-анасы оны би өнеріне беріпті. Дарын иесі осы уақытқа дейін көптеген сайыстарда үздік атанған. Баласының шетелдік сапарларын ата-анасы әрдайым өздері демеп отырған. Алайда, Абхазия еліне бару үшін 250 мың қажет болыпты. Қомақты қаражатты көтере алмаған Қанғожиндар отбасы бұл жолы "Нұр Отан" партиясына жүгінген. Ізінше партиялықтар тез арада қайырымды жандардың басын қосып, қажет соманы жинап берген. Нәтижесінде хореографиялық топпен бірге шетел асқан Даниял халықаралық жарыста бірінші орынды иеленіп қайтты.  

Даниял Қанғожин, биші:

Мен бала кезімде би десе, ішкен асымды жерге қоятынмын. Мен әуенді еденнің дірілдеуі арқылы сеземін. Осы күнге дейін Мәскеу, Сочи, Қазан сынды қалаларда өз өнерімді көрсеттім. Әлі де талай халықаралық турнирларды бағындыруды діттеп отырмын.

"Нұр Отан" партиясының қоғамдық қабылдауына жыл басынан бастап төрт мыңнан астам адам жолыққан. Бұл былтырғы жылдан қарағанда 1,5 есе көп. Оның 30 пайызы оң шешілген. Нұротандықтардың айтуынша, қазір жұрттың басым бөлігі жеке тұрмыстық мәселелерге емес, қоғамды мазалайтын проблемаларға мән береді.

Абай Қайсин, «Нұр Отан» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдауының меңгерушісі:

Егер де бұрын біреуге жалақы берілмесе, я болмаса біреудің ауласында жол салынбаса, қазір жұрт бүтін бір ауылдың немесе топтың мәселесін шешуге тырысады. Көбі мемлекеттік бағдарламаларға қатысқысы келеді. Демек, қазір адамдардың рухани және материалдық жағдайлары өсіп келеді.