Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңірінде Әулиекөл ауданының тұрғындары пәтерлері салқын екенін айтып шағымданды

  • AstanaTV
  • 27 желтоқсан 2017
  • 2949

Қостанай облысы Әулиекөл ауданының тұрғындары пәтерлерінің салқын екенін айтып шағымдануда. Екі қабатты үйлердің көбісінде температура 18 градустан көтерілмейді, - дейді олар. Жуырда жылу қазандықтарының бірі істен шығып, ел-жұрт 5 күн бойы бүрсеңдеп, электр жылытқыштарға телміріп қалған еді. Қазандық жөнделіп, іске қосылса да, тұрғындардың баспанасы әлі дұрыс жылынбай тұр.

Заңғар Санай, тілші:

Расында тыл ардагерінің үйі тым салқын екен. Қарт ана қазан айынан бері осылай дірдектеп, тоңып отырғанын айтады. Пәтердегі температура дәл қазір 18 градусты көрсетіп тұр.

85 жастағы Евгения Маишева арқаның аязына аяқ-қолын тоңдырып алмау үшін қалың киінеді. Пәтері дұрыс жылынбағандықтан, үнемі электр жылытқышты қосып отырады екен. Зейнетақым түгел дәрі-дәрмек пен электр қуатының төлеміне жұмсалады, - деп  қынжылады кент тұрғыны.

Евгения Маишева, зейнеткер:

Түн ұйқымды төрт бөліп, электр жылытқышты тексеріп отырамын. Кейде сөніп қалады. Ал батареяның жылуы тым мардымсыз. Қарты адамға бұл - үлкен сынақ секілді.

Әулиекөлдегі 17 екі қабатты баспана мен 24 жеке тұрғын үй орталық қазандыққа қосылған. Бірқатар әлеуметтік нысандар мен мемлекеттік мекемелер де қазандықтың қауқарымен жылынады. Аудан тұрғындары ай сайын  жылуға 7-8 мың теңге көлемінде ақша төлейтінін айтады. Алайда, үй салқын болғандықтан, қыс бойы қымтанып, дірдектеп шығады екен.

Кәмила Дінкенова, тұрғын:

Биыл, міне, күзден бастап, қазан айынан бері  дұрыс жылу болған жоқ. 20 градус болса жарайды, біз ештеңе демес едік. Ал мына 5 күнен бері мүлдем 10 градусқа төмендеп кетті. Шешінбейміз. Киіммен жатамыз. Киімммен жүреміз. Не кір жуа алмаймыз. Бұл не деген масқара?

«Мерей» коммуналдық мекемесінің өкілдері қазандықтың істен шығуына байланысты, 5 күннен бері температуралық режимнің төмен болғанын растады. Бірақ қазіргі таңда төрт қазандық түгел жұмыс істеп тұр. Жылу бекітілген кестеге сәйкес беріліп жатыр. Ал көмірді үнемдеу үшін, жылу қуатын бәсеңдетті деген көпшіліктің сөзі  шындыққа жанаспайды. Күн сайын 20 тонна көмір жағылады. Бюджеттің қаражатына алынған  9 мың тонна қатты отын жеткілікті, - дейді жергілікті шенеуніктер.

Болатхан Қуанышбаев, Әулиекөл аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Температурный режим үйге келгенде, граница раздела деген мәселе бар. Арнайы құралмен тексергенде, үйге дейін жылулық келіп тұр. Ал үйдің ішінде құбырлар ескі. Өткенде бір кісіге көмектесіп, құбырын ауыстырдық. Құбырды қарасақ, іші бітеліп қалған. Әрбір адамның қолынан келмейді ғой енді. Қолынан келетіндері істеп алған.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған екі қабатты ескі үйлердің жылу жүйесі әбден тозған.Оны жаңғыртуға аудандық бюджеттен ақша бөлінбейді. Тұрғындар кондоминиум жүйесіне өтіп, өз қаражатына  құбырларды ауыстыруы қажет. Бірақ бұл ұсынысты ешкім қолдамай отыр, - дейді аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы.

Заңғар САНАЙ