Шымкентте екпінді жел тұрғындарға едәуір қиындық келтірді. Шаһарда бағаналар құлап, бірнеше үй электр жарығынсыз қалды. Бағдаршамдар бүлініп, тіпті жаңа жылдық үш бірдей шырша құлаған. Табиғаттың тосын мінезі жайында Айзада Төребекқызы баяндайды.
Айзада ТӨребекқызы, тілші:
Желдің екпіні қатты болғаны сонша, көп қабатты үйдің бір подъезінің шатыры түгелдей дерлік жұлынып түскен. Қаңылтыр жабынның бір бөлігі әне талдың төбесіне тақтайымен қоса ілініп қалса, тағы бір бөлігі 100 метрге дейін ұшып кеткен.
Шатырсыз қалған - Отырар ықшам ауданындағы көп қабатты үйлердің бірі. Жыл сайын төбеден су сорғалап әлек болған он отбасы биылғы қыркүйекте өз күштерімен шатырды жаңалатқан екен. "1 млн теңге шамасында ақша жұмсалған еді, бұл қаржы бір түнде желге ұшты", - дейді тұрғындар.
Әбжаппар Көбеев, Шымкент қаласының тұрғыны:
Түнде сол 12 шамасында қатты дауыстар, бәріміз машинаға бірнәрсе түсті ма деп жүгіріп шықтық. Міне, мынаның бәрі құлап жатыр. Адамдарға шығын жоқ, мына бір үш машинаға тигені бар, басқасының бәрі осы.
Қатты соққан желден төтенше жағдайлар департаментіне тиесілі ғимараттың да шатыры ұшып түсті. Қалалық өрт сөндіру қызметі орналасқан нысанның 288 шаршы метрін қайта бүтіндеуге тура келіп тұр.
Екпінді жел облыс орталығындағы жаңа жылға арнап безендірілген үш бірдей шыршаны сұлатып салды. Сондай-ақ, шаһардағы 25 электр желісі үзіліп, алты шағын аудандағы жүздеген үй жарықсыз қалды. Бүлінген бағдаршамдар да бар. Мамандар таңертеңнен бері ол жерлерде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. «Қазгидромет» орталығы мамандарының мәліметінше, түндегі желдің екпіні Шымкентте секундына 24 метр, ал облыс аумағында 27 метр жылдамдыққа жетіпті. Табиғат таулы аудандарда да тосын мінез танытқан. Бұрқасын салдарынан жолда қалған жолаушыларды құтқаруға тура келді,- дейді төтеншеліктер.
Зарипа Тұрысбекова, ОҚО ТЖД бас маманы:
Төлеби ауданында қарлы-бораннан екі адам көшірілді және де Түлкібас ауданында, атап айтқанда, Жамбыл облысымен шекаралас жерде бес адам қарлы бораннан шығарылды. Жолшыбай көліктерге Жамбыл облысы тарапынан мамандар отырғызып, осылайша көшіру жұмыстарын ұйымдастырды. Қазіргі таңда біздің ОҚО-ғы Қазығұрт, Бәйдібек, Созақ аудандары бұл бағыттағы жолдар ашық. Ал Алматы-Термез бағытындағы жол әлі де жабық.
Синоптиктер аймақта желдің басылғанын, алдағы түн жауын-шашынсыз болатынын мәлімдеді. Ертең Шымкентте +3, + 5 градус жылы болатынын болжаған мамандар таулы аудандарда қар көшкіні жүру қаупі барын ескертіп отыр.
Айзада
ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ