Жамбыл облысында боран салдарынан жүздеген адам жолда қалды. Діттеген жеріне жете алмаған жүк көліктері де қаңтарылып тұр. "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық дәлізі бір тәулік бойы жабық тұрған. Ал, желдің екпіні секундына 25 метрге жетті. Бүгін боранның беті аздап қайтқан. Осыған орай кейбір жолдардан шектеу алына бастады. Жолдағы ахуалды Данияр Әлімқұл білуге тырысты.
Тәртіп сақшыларының тосқауылы көлік қозғалысын кілт тоқтатты. Жүздеген жолаушы жолынан қалды. 30 шақты жүк көлігі күре жолда тұр. Өйткені Тараздан шыға берістегі Айша бибі ауылынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейінгі жолда көлік қозғалысына шектеу бар. Боран басталмай тұрып жолға шыққан ондаған жеңіл көлік пен 7 автобус асудан аса алмай қалған. 70-тен аса адам Жуалы ауданындағы мектептерге жеткізілген.
Хасен Қосыбаев, облыстық ТЖД бас маманы:
Күйік, Шақпақ асуларында автокөлік жолдарының учаскелерінде барлау кезінде автокөліктердің 50-ге жуық жиналғанын байқалды. Оқиға орнына Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 19 адамы, 6 бірлік техникасы күштері жұмылдырылды.
Жолда қалған көліктердің көпшілігінің иелері темір тұлпарын көшеде қалдырғысы келмей, көмектен бас тартқан. Ал, жол тазарту жұмыстарының баяу жүргізілуі жолаушылардың жүйкесіне тиген сыңайлы.
Сағат екі жарымда келгенбіз. Қанша болды тұрғанымызға.
Қайрат Әлкебаев, жолаушы:
Біздің автобуста бала-шағамен отыр әне. Сыйлықтарымен қонаққа бара жатқандар ғой барлығы. Бала-шаға жылап, шырылдап отыр. Қарындары аш қалды. Білмейміз енді. 8-9 сағат болды.
Аймақтағы Сарысу, Талас аудандарында жолдар әлі күнге жабық. Тіпті қара дауылдың қатты болғаны соншалық, көліктерді қаңбақша ұшырған. Ал, Жамбыл ауданының атқамінерлері жолда қалғандарды жылы орындарға жайғастырып, ыстық аспен қамтамасыз етіп жатырмыз дейді.
Жалғас Мұртаза, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
Жақын арада ашыла қоймайды-ау. Егер тамақтанамыз, шәй-пәй ішеміз деген халық болса, Айша бибі ауылындағы Орақбай кафесінде, одан кейін Айша бибі ауылында мектепте жағдай жасалды. Халыққа түсіндіріліп айтылды. Бәрі барып, тамақтанып жатыр.
Ал, жолаушылардың уәжі басқа.
Азиз Хасанов, жолаушы:
Бір тәуліктей болды күтіп тұрғанымызға. Жолдың жабық екендігі туралы СМС-хабарлама жаңа келді. Ал біз түнгі уақыттан бері тұрмыз. Не жол жоқ, не ешкім ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Біз не істеуіміз керек? Далада қалдық.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Абырой болғанда, ақ түтек бораннан адам шығыны жоқ. Қатынастан қағылдық деген кейбір жолаушылар жол жиегіндегі ауылдарға құдайы қонақ боп түнеп шықтық дейді. Ал, аймақтың 6 ауданы бойынша 10 мыңға жуық үй жарықсыз қалды. Қазір олардың 50 пайызына жарық берілген. Табиғаттың тосын мінезінен кеше пойыздар да кешікті. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, бүгін Күйік пен Шақпақ асуында көлік қозғалысына шектеу толық алынған.
Данияр Әлімқұл