Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда коммуналдық қызмет ақысын төлемеген тұрғын сотталды

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2017
  • 2778

Қарағандыда коммуналдық қызмет ақысын төлемеген тұрғынның 1 жарым жылға бас бостандығы шектелді. Қазыбек би аудандық соты қарызды өтеу туралы сот шешімін орындамаған әйелге қатысты осындай үкім шығарған.  Пәтер қожайыны суық судың ақысын бірнеше жылдан бері төлемей келген. Ақыры «Қарағанды су» компаниясына 180 мың теңгедей қарыз болып қалады. Қызмет көрсетуші ұйым пәтерді судан бірнеше рет ажыратқан. Алайда, тұтынушы оны заңсыз қосып алып отырған. Сондай-ақ екі рет оған қатысты сот шешімі шыққанымен, берешек тұрғын оны ескермеген. «Қарағанды су» компаниясының заңгерлері азаматтық арыздарға құлақ аспаған әйелді, қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды. Нәтижесінде сот тұтынушының бостандығын 1 жыл 6 айға шектеді. Сотталушы бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ал, күйеуінің айтуынша, отбасы қарыз жайын шешуге ниетті. Бүгінде тиісті соманы жинауға кіріскен көрінеді.

Коммуналдық компания мұндай қатаң жазаның талай борышкерге ой салатынына сенімді. Өйткені бүгінде Қарағанды қаласы бойынша 2 мыңнан астам абоненттің суға қарызы 150 млн теңгеге жеткен. Ал, борышкер тұтынушыларға қатысты тағы 20 қылмыстық іс қаралып жатыр.

Дәурен Әбішов, «Қарағанды су» ЖШС заң бөлімінің бастығы

Кейбіреулер тергеу басталысымен келісімге келеді. Тергеуші алдында кепілдендірілген келісімшарт жасасамыз. Қарызды айларға, тіпті жылдарға бөліп төлейтіндер бар. Ал бұл тұтынушының ондай ниеті болған жоқ. Сондықтан қатаң шара қолданылды.