Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдықтар той кезіндегі әдепсіздіктерге наразы

  • AstanaTV
  • 12 қаңтар 2018
  • 3861

Жиын-тойлардағы әдепсіздіктер жұртты әбден мезі қылғаны жасырын емес. Адамдар бұған той басқаратын асабаларды кінәлайды. Ерсі ойындар ұйымдастырып, арзан әзілмен көптің көңілін қалдырады деп наразы. Алайда, асабалар жағы бар кінәны қонақтар мен той иесінің өзіне арта салады. Думанды кештің тізгіні сеніп тапсырылса да, барлық адамға бірдей жауап бере алмаймыз деп жалтарады. Осы тақырыпты оралдық әріптесім зерттеп көрген еді. Еркін, той-томалақтағы әдепсіздік туралы ел не дейді, асабалардың уәжі қандай? 

Еркін Карин, тілші: 

Иә, Ләйла, тойдағы берекесіздік көңілді қалдырғалы қашан? Бұған дейін адамды домбыра қылып, күй тартқандар, жерде домалап би билегендер елді шулатқан еді. Ал жуырда өткен тағы бір жиында той қонақтары тіпті үстелдің үстіне шығып кетті.

Бұл көріністі көргендер асабалардан әбден үміт үзгенін айтады. Солардың кесірінен той мәдениеті жыл санап төмендеп барады. Күлдіремін деп бүлдіріп жүрген дарақылардан әбден шаршаған халық тойдағы ұятсыздықтарды атап шығуға он саусақтың өзі аздық етеді, дейді.

Гүлнар Әлжанова, Орал қаласының тұрғыны:

Асабалар той басқарған уақытта тіпті өздерінің шектен шығып кеткенін байқамай қалады. Мысалға, үлкен кісілерге қандай болса да, биге шығыңыз немесе ойынға шығыңыз деп, үлкен кісілерді ойынға шығарып, жасы орта жастан асып кеткен ақсақалдарды ортаға шығарып сүйреп, билетудің өзі - бұл тіпті біздің дәстүрге қайшы мәселе.

Ал асабалар кеш қонақтарының көңілінен шығуға тырысатынын айтады. Бірақ тойшылардың бәріне бірдей ұнау мүмкін емес.

Мұхтар Өтесов, асаба:

Мысалы, корпоративті кеш болсын, сен олай істеймін деп ойламайсың, олар өздері істейміз деп, өздері инициатива жасап, шығып кетеді. Асаба амалсыздан соған ілеседі көңіл-күйдің ағымына қарай.

Еркін Карин, тілші:

Осындай  қадағалау болмаса, мұндай келеңсіздіктер өрши бере ме деп адаңдаулы. Той мәдениеті туралы толығырақ сенбіде "Біздің уақыт" бағдарламасында айтатын боламыз.