Русский Сайттың толық нұсқасы

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өткен жылы бөлінген қаражат жеткіліксіз болды

  • AstanaTV
  • 15 қаңтар 2018
  • 4918

Елде еңбек нарығы жанданбақ. Бұл туралы президент жолауында айтқан еді. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін, көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек деді. Ол үшін электронды еңбек биржасын дамытуды тапсырды. Әзірге жұмыс іздегендер ғаламтор арқылы емес, жәрмеңкеден жұмыс іздейді. Аймақтағы тілшілеріміз жұмыспен қамту ісі қалай жүріп жатқанын білді. Абзал, солтүстікте былтыр қанша адам жұмысқа орналасты?

Абзал Құрманкин, тілші:

Рақмет, Оксана. Былтыр халықты әлеуметтік қорғау мекемесіне жүгінген азаматтардың саны 3 есеге артқан. Екі қолға бір күрек іздеп келген 6500 адамның тең жартысы тұрақты жұмысқа орналасыпты. 680 адам жаңа мамандық игерген.

Ал өзінің экономикалық әлеуетін іске асыруға ниетті азаматтарға несиелер берілуде. Халықты еңбекпен қамту үшін былтыр  бастау алған "әлеуметтік жұмыс орны" атты жоба айтарлықтай нәтиже берген көрінеді. 

Гүлмира Жәкенқызы, Петропавл қаласы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы:

Әлеуметтік жұмыс орны деп кәсіпорында ашылатын жаңа жұмыс орнын айтады. Сонда жұмысқа орналасқан азаматтың жалақысының 30 пайызын мемлекет бір жыл бойы өзі өтейді. Кейін жұмыс беруші бұл жұмыс орнын қалдыра ма, жоқ па - өзі шешетін болады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік жұмыс орны арқылы орналасқан адамдардың 80 пайызы сол кәсіпорында қалып, еңбек етіп жатыр.

Абзал Құрманкин, тілші:

Жұмыспен қамту саласы үлкен сұранысқа ие болып отырған соң, қосымша қаражатты қажет етеді. Былтыр Петропавл қаласы бойынша бұл бағытқа 315 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл сома 400 миллионға дейін жетпек. Былтыр Қызылжарда 1500 адам өз кәсібін ашыпты. Биыл да жеке кәсіпкерлерді көбейту көзделіп отыр. Шарипа, Қызылорда аймағында кәсібін дөңгелеткендер көп пе?

Шарипа Сақтапова, тілші:

Ия, Абзал. Кәсібін ашып, дөңгелетем деген азаматқа бүгін мемлекет барлық жағдайды жасап отыр, тек соны тиімді пайдалану керек,- дейді Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының мамандары. Кез келген азамат кәсіпкерліктің бастауыш мектебін өте алады.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы - өте тиімді құрал. Оған қатысушылар палатадан бір ай ішінде арнайы оқудан өтіп, бизнес-жобасын әзірлеп, іске асыру мүмкіндігін алады. Палата мамандары азаматтардың несие алғанға дейін сүйемелдейді. Өткен жылы 937 қызылордалық "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіп негіздерінен дәріс алса, соның 348-і жалпы сомасы 940 миллион теңгені құрайтын жобаларды қорғап шықты. 

Салават Құлмахан, облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

Бұл мемлекет тарапынан бөлінген ақша. Соған сәйкес жұмыс істейді. Бұл жылы жоспарлап отырмыз ақша көптеу бөлінеді деп. Кемшілік болғаны: өткен жылы бізде қаржы жетіспеушілік болды. Өйткені бұл ақша тамыз айында толығымен игеріліп кетті. Қәзір 7 аудан толығымен қамтылып отыр. Соған сәйкес бізде биыл 1600 оқиды. Бұл бағдарламаның жақсы жері: төмен пайыз, 6 пайызбен беріледі бес жылға дейін.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Тағы бір артықшылығы: кепіл шарттары. Ауылдағы тұрғын үйдің кез-келген түрі кепілге қабылданады. Жақсыбек, Ақтөбеде жұмыспен қамту қарқыны қалай?

Жақсыбек Кемал, тілші:

Өңірде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды қамтамасыз ету бағдарламасы аясында 4 ай бұрын кәсіпорын, кәсіпкерлік нысандары базасында 5 оқу орталығы ашылған.

Мамандардың айтуынша, қазірге дейін 200-ден аса тұрғын даярлықтан өткен. 80-і сол кәсіпорындарға жұмысқа қабылданып үлгеріпті.

Дәмелі Құнанова, облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

Бұлай курстың артықшылығы - жұмыс берушіның өзі оқытады. Шәкірт сол жерден тәжірибеден өтіп, бірден жұмысқа орналаса алады. Сондықтан ол барын салып, үйренеді, яғни өзін жақсы қырынан көрсетсе, жұмыспен қамтылады деген сөз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Елбасы өз жолдауында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық екенін айтқан еді. Өткен жылы Ақтөбе облысында 524 бизнес-жоспар қабылданған. Ал, мемлекеттік бағдарламаның «Бизнес-кеңесші» бөлімі арқылы оқыған 165 адам жеке кәсібін ашқан.