Русский Сайттың толық нұсқасы

Суға батқан теңізшіні іздестіру жұмыстары тоқтатылды

  • AstanaTV
  • 18 қаңтар 2018
  • 2251

Желтоқсан айында суға кеткен 22 жастағы теңізші Бейбіт Башиковты іздестіру жұмысы көктемге дейін тоқтатылды. Баутино портындағы іздестіру операциясы бір жарым ай бойы жүргізілген еді. Мамандар теңізде қалың мұз қатуына байланысты келер көктемге дейін іздестіру ісін тоқтатқан жөн деп шешіпті. 

Ақылбек Исламғалиев, ҚР ҰҚК жағалау күзеті 2201 «б» әскери бөлімінің командирі:

Іздестіру жұмыстары қазір де жүргізіліп жатыр. Бірақ Баутино бухтасын мұз басып, жағдайды қиындатып отыр. Мұздың қалыңдығы 10 сантиметрге жуық. Енді жеке құрам іздеу аумағын жаяу жүріп аралайды. Көктем келіп, мұз ерігесін, іздестіру қайта жалғасады.

Бұл қайғылы оқиға былтыр 11-желтоқсанда Баутино елді мекеніндегі шағын бухтада болған. Бөлім командирінің айтуынша, дауылдан қашқан кеме жағалауға оралған. Сол күні түнде 22 жастағы Бейбіт кезекшілікке түсіп, палубада болған. Кемені тіркейтін арқанды бекітіп жатқан кезде күшті толқынның әсерімен кеме қатты шайқалып, жігіт суға құлап кеткен. Командирдің сөзінше, серіктері оған бірден құтқару шеңберін лақтырған. Бірақ толқын теңізшіні кемеден алыстатып кеткен. Ал жағалау мен арадағы қашықтық 400 метр болыпты. Кейін іздестіру жұмыстарына осы маңдағы мұнай компанияларының да кемелері жұмылдырылды. Кейін оқиға ізімен кеме жүргізу тәртібінің бұзылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.