Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда аптаның жұма күнінде бағытты автобус тегін жүреді

  • AstanaTV
  • 19 қаңтар 2018
  • 2433

Оралда аптаның жұма күнінде тегін жүретін бағытты автобус пайда болды. Қайырымды іс жасауға бекінген бір топ ерікті тұрғындардың соңғы жұмыс күнін осылай жеңілдетпекші. Жолаушыларды күні бойы тегін тасып, сауапты іс жасаған жігіттермен тілшіміз тілдесіп келді.

Әдеттегідей ақша ұсынған жолаушылардың дені бұл сөзге тосырқай қарады. Бірақ игі істі ұйымдастырушылардың мақсатын білгесін, бәрі бір ауыздан қолдап, риза болды.

Самиғолла Сұлтанияров, Орал қаласының тұрғыны:

80 теңге де енді аз емес қой, әркімнің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан анда-санда осылай болып тұрғаны жақсы ғой.

Сырым Жұмажанұлы, Орал қаласының тұрғыны:

Жұмасына бір күн тегін болса да, жетіп жатыр. Жолаушыларды таситын автокөліктің табыстары мол болсын!

Қазір Оралдағы қоғамдық көлікте жол жүру құны - 80 теңге. Бұл көп ақша болмаса да, осы жолақыны төлеткізбей, адамдарды қуантуға болады, дейді еріктілер. Өзара келісім бойынша олар автобус жүргізушісіне 20 мың теңге төлейді. Жігіттердің ұсынысын қуана қабылдаған көлік иесі табысының бір бөлігінен қағылса да, жолаушыларды тегін тасуға келіскен.

Жұмабек Жаукенов, акция ұйымдастырушысы:

Жұма күні бастағанымыз неге десеңіз, халыққа өте ыңғайлы, сонымен қатар сенбі-жексенбі күндері халық демалатын болғасын, біз осындай бір ыңғайлы акция жасадық. Қазіргі таңда тегін ештеңе жоқ болғасын, көмектесіп халыққа, жақсы баталарын алып қалайық деген ниетпен шығардық.

«Жұмада жақсылық жасайық» деген ерекше жазумен безендірілген автобус осымен екінші апта адамдарды тегін тасып жүр. Бастама көтерушілер өзге де автобус иелері де осы істі жалғастырып әкетсе дейді. Егер бұл іс Оралда кеңінен қолдау тапса, ұйымдастырушылар еліміздің өзге өңірлеріне жолаушыларды тегін тасуға үндеу тастамақ.

Еркін КАРИН