Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақмола облысында аяздан 3 адам қаза болды

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2018
  • 2627

Ақмола облысында үскірік аяздан үш адам қаза болды. Ал, осы аймақта жолға шыққан екі рейстік автобустағы 108 адам құтқарылған. Олар Тәжікстан мен Өзбекстан азаматтары. Жанармайы қатып қалған автобустағылар қауіпсіз жерге жеткізілген. Ал астаналықтар далада қатып қалмас үшін бір-біріне қол ұшын созуды үндеді. Бұған құлақ асқан көшедегі дәріханалар мен дәмханалар тоңып қалғандарға ыстық шай ұсынды.

Үскірік аяздан болған адам өлімі Ақмола облысы Бурабай ауданы және Шортанды ауданында болған. Олардың кісі қолынан емес, үсіп өлгені анықталған.

Гүлнар Пинчук, Ақмола облысы ІІД баспсөз хатшысы:

Мәйіттерді тексеру барысында кісі қолынан зәбір көрмегені анықталды. Оның үстіне барлығы да тірі кезінде спирттік ішімдік ішкен. Сот сараптамалық экспериза белгіленді. Қазір арнайы топ үй-күйі жоқ жандарды тауып, оңалту орталықтарына әкелу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Павлодарда үсік шалған 4 адам анықталды. Ал Қарағандыда бұған дейін 21, ал аяз күшейгелі 6 адам ауруханаға түскен. Бет-әлпетін жасырған мына азамат спирттік ішімдік ішкен. Енді аяқсыз қалды.

Қыдырып, ішіп жүріп, көшеде құлап қалдым. Содан аяқтарымды үсітіп алдым. Оқыс оқиға. Әйтпесе, осы күйге түспес едім.

Владимир Филатов, Х. Мақажанов атындағы Қарағанды облыстық травматология және ортопедия орталығы күйік бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы:

Науқастардың аяқ-қолдарын сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Екінші, үшінші деңгейлі үсіктер жазылады деп үміттенеміз. Төртінші деңгейлі үсікте дене мүшесін құтқару мүмкін емес. Тұрғындарға жылы киініп жүруге, тіпті, мүмкін болса, аязда әсіресе, Солтүстік пен Орталық Қазақстан арасындағы жолдар жабық. Халықаралық, қалааралық рейстерге жолға шығуға шектеу қойылды. Әсіресе, дизельді отынмен жүретіндер жол полициясы бекетінен кері қайтарылып жатыр. Ал Қызылжардағы автовокзалда кісі қарасы аз.  Рейстердің 90 пайызы тоқтатылған.

Светлана Хомченко, сапаржай диспетчері:

Әдетте Петропавлдан 150-200 рейс жасалатын. Бүгін оның тек он бесі ғана іске асырылды. Қазір қаладан тек елу шақырым қашықтықтағы ауылдарға ғана автобус қатынап жүр. Кейбір жолаушылар аяз бетінің қайтарына сеніп, вокзалда тосып отыр. Алыс сапарларға билет сатуды уақытша тоқтаттық. Тек қаңтардың отызына ғана сатып жатырмыз.

Сақылдаған сары аяз күшейген аймақтарда сабақтар болған жоқ. Ал күштік құрылымдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Энергия таратушы мекеме өкілдері бақылауды күшейткен.

Сейіл Менкин, «Астана АЭК» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі бірінші орынбасары:

Әр аудан бойынша 3 диспетчер мен 8 бригада жұмыс істейтін. Енді аязға орай әр ауданға тағы 2 бригададан қосып отырмыз. Және штаттан тыс жағдай туындаса, дереу реттеу біздің міндет деп білеміз. Қазір бәрі де қалыпты жұмыс істеп тұр. 

Астаналықтар бүгін бет-ауыздарын орап, үсімей жұмысқа барып-қайтудың қамына кіріскен. Жылы аялдамасы жоқ жердегілер такси ұстап әлек. Бірақ табиғаттың тосын мінез танытқанын пайдаланып, жолаушылардың қалтасын қағып алып жатқандар бар.