Русский Сайттың толық нұсқасы

Бишімбаевқа жаңа айып тағылды

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2018
  • 2754

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа бүгін жаңа айып тағылды. Бұған дейін "пара алған" деген күдікке іліккен экс-министр енді "қылмыстық істі ұйымдастырған" деп айыпталып отыр.

Сәлімжан Мусин, Қ. Бишімбаевтың қорғаушысы:

Бүгін елеулі өзгерістерге ұшыраған айып актісі жарияланды. Бұрынғы құжат бойынша қорғауымдағы Бишімбаев басқалармен бірге қылмыс жасады делінсе, ал қазір сол басқалардың қатысы болмай шықты. Сонымен бірге, кейбір жерлерде серіктестердің құрамы өзгергенін айтқым келеді. Олар алдында айтылған эпизодтарға қатысы болған. Жаңа құжатта оны прокурор алып тастады. Кейбір адамдардың баптары өзгертілген.

Жаңа айып бойынша «Бәйтерек» АҚ басқарушы директоры Ғазиз Сариев пен «Бәйтерек» АҚ мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру жөніндегі басқармасының менеджері Азиз Акрамовты айыпталушылар қатарынан алып тастаған. Ал "Бәйтерек Девелопменттің" бұрынғы басқарма директоры Дильрух Анарбайдың қонақ үйде "пара алды" деген эпизоды жаңа актіде көрсетілмеген. Атышулы іске қатысты 7 фигурант мемлекеттік айыптаушылармен келісімге келмек. Олар кінәларын мойындап, жаза мерзімін қыстарту туралы өтініш жіберді. Ал жаңа шыққан айып актісімен қылмыстық іске қатыстылар 26 қаңтарға дейін танысу қажет. Дәл осы күні соттың кезекті тыңдалымы жалғасатын болады.