Русский Сайттың толық нұсқасы

Бейбіт тұрғындарға оқ атпаймыз - Түркия вице-премьері

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2018
  • 2679

"Сирияның Африн аймағындағы әскери операцияның мақсаты - террористердің көзін жою".  Түркия вице-премьері Бекир Боздаг осылай деп мәлімдеді. Яғни "елдегі әскерилер бейбіт тұрғындарға оқ атып жатыр" деген ақпарды теріске шығарды,- деп жазады Рейтерс. Боздагтың сөзінше, Анкара қарапайым азаматтардың зардап шекпеуін барынша қадағалап отыр. Саясаткер сондай-ақ «Зәйтүн бұтағы» деп аталатын операцияның аса қажеттіліктен туғанын алға тартты. 

Бекир Боздаг, Түркия вице-премьері:

Бұл операция күрд халықтық қорғаныс күштері террористік ұйымы мен ДАИШ-ке қарсы күреске бағытталған. Бейбіт тұрғындардың зардап шекпеуін назарда ұстаймыз. Ол үшін қажетті шаралар жасалып жатыр. Операцияның мақсаты - лаңкестерді, олардың қару жарағы мен базаларын жою.

Ал күрд жасақтары, операциядан соң екі күн өткенде, түріктің Килис провинциясына шабуыл жасады. Рейтерстің хабарлауынша, олар үш бірдей зымыран ұшырған. Зардап шеккендер бар.

Айта кетейік, Афринде негізінен күрдтер тұрады. Ресми Анкара ондағы қарулы жасақтардың күш алып кетпеуіне мүдделі. Қазір құрбандар саны 18 адамға жетті. 23 тұрғын жараланған. Ірі елді мекендерде қақтығыс жалғасып жатыр. Алайда, қаза тапқандар туралы нақты ақпарат жоқ.

Сирия Президенті Башар Асад бұл әрекетті "аумақтық тұтастыққа қол сұғу" деп атады. Анкараны терроризмді қолдап отыр деп айыптады. НАТО өкілдері Түркия өз өзін қорғауға мәжбүр деген пікірде. Дамаскінің одақтасы - Мәскеу бейтарап ұстанымда. Халықаралық қауымдастық болса, тараптарды сабырлыққа шақырумен шектелді.