Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі «Kaspi bank»-ті тонаған қарақшы 12 жылға сотталды

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2018
  • 3232

«Kaspi bank»-тің Шымкенттегі бөлімшесін тонаған адам бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің штаттан тыс қызметкері ғана емес, дәл осы банкте инкассатор болған. Алматы өңірінің 45 жастағы тұрғыны ақшаны осы банктегі несиесін жабу үшін тонаған. Сот оған қандай үкім кесті? Банк ақшасы қайтарылды ма? Сотқа қатысып қайтқан әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатады.

Айзада Төребекқызы тілші:

Сотталушы Алматы өңірінің тумасы «Kaspi bank»-тің бұрынғы қызметкері болып шықты. Бұл қылмысқа алдын ала дайындалған ол сотта өз қылмысын толық мойындапты. Атышулы қылмысқа нүкте қойған судьяның дерегінше, сотталған 2013-2016 жылдар аралығында осы банкте инкассатор болып жұмыс істеген. 

Самидин Темірәлиев, ОҚО қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Ол өзі банкінің жағдайының бәрін біледі, қай жерде не орналасқанын, жоспарын, қай кезде ақша жиналады, қай кезде жұмыс уақыты бітеді, қай кезде ақша тапсырылады. Соның бәрін біле тұра, ол өзі барып, сол банктерде қарақшылық жасаған.

Сотталушы 2016 жылы қолынан жарақат алуына байланысты жұмыстан шығып қалғаннан соң, араға ай салып аталмыш банктің Алматыдағы бөлімшесін тонаған. Ол жерден алған қаражатты түгел өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Осыдан соң араға жыл салып, өз ойын Шымкентте жүзеге асырады. «Kaspi bank»-тің шымшаһардағы бөлімшесі былтыр 13 қазанда  тоналған. Жұмыс аяқталар шақта ғимаратқа бетпердемен кірген ұры балтамен қорқытып, 15 млн теңге, 21 мың АҚШ ақшасы мен 85 мың ресей рублін алып кеткен болатын. Сотта белгілі болғанындай, сотталушы «Kaspi bank»-тен тонаған ақшаны дәл сол банктен алған несиесін жауыпты.

Самидин Темірәлиев, ОҚО қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Бұрын ашылған шоттарына ақшаны жарым жартылай сол жаққа салған, ал қалған ақшаларының бәрін "Сбербанктен" осы Шымкент қаласынан ячейканы жалға алып, сол жерге салып қойған. Ол жерге 13 млн 776 мың теңге ақшаны, 21 600 долларды және 85 мың рубльді сол жаққа салып қойған.

Шоттағы ақшалар банкке қайтарылған. Сотталушы сот шешімімен 6 млн теңгеден астам материалдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Айыпталушыға бас аяғы 12 жыл жаза кесілді. Ол үкімге қарсылық білдірмеді. Дегенмен, оның қорғаушысы берілген жаза тым көп деп санайды.

Қайрат Бегалиев, адвокат:

Шығарылған үкім шамалы қатал деп санаймыз. Енді оған 55 бапты қолданып, төменгі жазаны қолдануға болар еді. Алайда ол соттың құзырында. Дегенмен егер де менің қорғауымдағы Коламицев үкімге келіспей, апелляция жазатын болса, оны қолдаймыз.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Сотталғанның апелляциялық шағым түсіретін, не түсірмейтіні әзірге белгісіз. Белгілісі, сот үкіміне сәйкес оның өз жазасын қылмыстық атқару жүйесінің барынша қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтейтіні.

Айзада Төребекқызы