Русский Сайттың толық нұсқасы

Енді елде студенттер үшін жатақхана салуға мемлекеттен қаражат бөлінбейді

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2018
  • 3561

Енді елімізде студенттер үшін жатақхана, кітапхана немесе асхана салуға бюджеттен қаражат қарастырылмайды. Мұндай шаруаларды енді жоғарғы оқу орындары өздері шешуі тиіс. Себебі білім ордаларына коммерциялық емес акционерлік қоғам статусы беріліп, өздері қаражат табуына мүмкіндік берілді. Бұл туралы білім реформалары туралы Ақтауда өткен жиында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты.

Елдегі жатақханалардың тең жартысы Алматыда екені белгілі. Аймақтағы тілшілеріміз өз өңірлеріндегі жағдайды айтуға әзір. Алматылық тілшіміз Ришат Асқарбекұлы байланыста. Ришат, студенттер қаласында жатақхана жетіспеушілігі әлі де бар ма?

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Иә, Оксана, бұл мәселе әлі өзекті. Қазір шаһарда 134 мың студент білім алады. Қалалық жастар саясаты жөніндегі басқарманың дерегінше, олардың шамамен 30 мыңы ғана уақытша баспанамен қамтылған. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті биыл бірінші курстың өзіне 6 мың талапкер қабылдапты. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Университет аумағында тәуелсіздік жылдары бірде бір жатақхана салынбағандықтан, орын жетіспеушілігі арта түскен. 

Талғат Дүйсенбаев, КАЗҰУ қалашағы директорының орынбасары:

Жалпы келетін болсақ, 40 пайыздан астам студенттер қамтамасыз етілген. Аз ғой ол негізі.  Алматы қаласының әкімшілігімен келісім бар. Болашақта осы аумақта 5 мың орындық жатақхана салына ма деген үмітіміз бар. Оның территориясы белгіленіп қойған. Қазір келісім жүріп жатыр.

Ауыл-аймақтан білім қуып келген жастар пәтер жалдауға мәжбүр. Қалада Гүлзада секілді жастардың қарасы қалың. Қалалық жастар саясаты басқармасының мәліметінше, олардың саны 40-50 мың.

Гүлзада, студент:

Сөйтіп, біз алты қыз қазір бөлініп кетіп, квартира жалдап тұрып жатырмыз. Осы жылы бітіріп келген түлектерге жатақханадан орын беріледі еді. Ал бізге Алматыда бір жыл жүрдіңдер, қаланы білесіңдер, енді ары қарай өздерің күн көріңдер, пәтер жалдап тұрасыңдар ма, әлде туыстырыңа барасыңдар ма, ол жағын өздерің шешесіңдер деп ректорат айтты. 

Қазақстан бойынша 75 мың орынға арналған 237 студенттік жатақхана бар. Оның 50 пайызы Алматыда орналасқан.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Соның өзінде студенттерді баспанамен қамту мүмкін болмай отыр. Мегаполистегі жағдай осындай. Шарипа, Қызылордада жатақханаға мұқтаж студенттер бар ма?

Шарипа Сақтапова, тілші:

Иә, Ришат, Қызылордадағы ірі оқу орны Қорқыт-Ата атындағы мемлекеттік университетке хабарласып көрдім. Онда жағдай керісінше. Білім ордасына қарасты үш студенттік жатақханада 900 студент қоныстанған. Ал бос тұрған 263 орын бар екен. Үшінші жатақхана ғимараты осыдан 5 жыл бұрын республикалық бюджет қаражатына салынған.

Абайбек Жүнісов, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ проректоры:

400 орындық жатақхана. Барлық жағдайлары жасалған. Электроэнергиясына жұмсалатын шығындар, коммуналдық шығындар, қыс мезгілінде жылу энергиясына төленетін шығындар. Соның барлығын қосқанда, жылына университеттің арнаулы қаржы есебінен 27 миллион теңгенің үстінде қаржы жұмсалады.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Қызылордада жалпы үш жоғарғы оқу орны бар, соның екеуі - жекеменшік. Бірінде 300 орындық бір жатақхана болса, екіншісінің студенттері тұратын жер мәселесін өздері шешуге мәжбүр. Біздегі жағдай осындай.

Рахмет, Шарипа! Айта өтейін, тікелей байланысқа шыққан өңірдегі әріптестерім Шарипа Сақтапова мен Ришат Асқарбекұлы болатын.