Русский Сайттың толық нұсқасы

«ҚазАгро» холдингіне мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 60 млрд теңге қаржы бөлінбек - Ұлттық банк төрағасы

  • AstanaTV
  • 25 қаңтар 2018
  • 2274

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан «ҚазАгро» холдингіне 60 миллиард теңгенің бөлінуі - үрей тудыратын әрекет емес. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті. Бас банкирдің сөзіне сүйенсек, елдегі ұлттық холдингтер борыштық нарықта сенімді. Тіпті тәжірибе жүзінде жемісін берген жүйе, - деп те атап өтті Данияр Ақышев. Қаржы бақылаушысы, сондай-ақ нарықтық бағамен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан бұған дейін «ҚазАгро» холдингіне 185 миллиард теңгенің инвестицияланғанын да айтты. Бір қызығы «ҚазАгроның» қаржылық қызметін бағалауға банк араласпайды. Барлық сомманың бөліну жүгін ел Үкіметі міндетіне алған.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Үкіметтің барлық талаптарына сай құрылған ұлттық басқарушы холдингтер жүз пайыз мемлекеттің жауапты еншілес компаниялары саналады. Олардың рейтингісі қашанда жоғары және қайтарымына қорқыныш ұялатпайды. Сондықтан олар Қазақстандағы борыштық нарықта ұзақ мерзімге қаржы құйылатын ең сенімді заемшілер. Бұл жерден еш қорқыныш та, қиындық та көріп тұрғаным жоқ. Керісінше, қаражатты барынша тиімді бөлу шеңберіндегі стандартты жағдай.

Ал, соңғы күндері белең алған теңгенің нығаю процесі отандық тауар өндірушілер ісіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі бәсекеге қабілеттілікті нашарлатады, деп санайды бас банкир.  Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы айырбастау пункттеріне қойылатын жаңа талап өзгермейтінін айтты. Ал жаңа заң бойынша валюта айырбастау бекеттерінің жарғылық капиталы, яғни есеп-шотында кемі 10 миллионнан 20 миллион теңгеге дейін болуы тиіс.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Біздегі айырбастау пункттеріндегі қызмет сапасын жақсарту үшін, ең біріншіден, материалды-техникалық жағынан қауіпсіздігін нығайту керек. Екіншіден, қылмыстық жолмен алынған кірістердің ізін жасыру бойынша жүргізілген күрес әрекеттерінің  ақпараттарын жеткізіп отыруларын бақылауымызда ұстауымыз қажет. Үшіншіден, жаңа талапқа сай айырбастаушылардың өткізетін құжаттар тізімі көбейді. Бұл, әрине, олардың қалталарына салмақ салады. Бірақ олар да айырбастау пункті жай ғана ақша алмастырып отыратын шағын терезе еместігін түсінулері тиіс.

Бұған дейін Ұлттық банк енгізген жаңашылдықпен келіспеген бір топ қарағандылық кәсіпкер бұл талапты уақытша тоқтатуды сұраған еді. Жарғылық капиталға құюға қаражат жоқ деген олар айырбас бекеттерінің жабылу қаупі туғанын айтқан еді.