Русский Сайттың толық нұсқасы

Теміртау қаласында қара қардың пайда болу себебі анықталды

  • AstanaTV
  • 25 қаңтар 2018
  • 5877

Теміртау қаласында пайда болған қара қардың құрамынан көп мөлшерде темір табылды. Ал, ауадан күкірт пен көмірсутек қоспалары анықталған. Олар бір-бірімен араласып, қара күйеге айналған. Бұл туралы арнайы тексеру комиссиясының мүшелері мәлімдеді. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, қара қар қаладағы кәсіпорындардың, оның ішінде мелталлургия комбинатының өндіріс қалдықтарының шамадан тыс артуынан пайда болған. Тақырыпты тілшіміз Айжан Қуаш жалғастырады.

Тәуелсіз сарапшылар қара қар түскен аудандардағы үйлердің төбесінен, жанармай құю бекеті мен балабақша ауласынан сынамалар алып, бірнеше сараптама жасаған. Осылайша темірден басқа да металл қоспалары мен көмірсутектер анықтаған. Мамандардың айтуынша, бұлар - металлургия өндірісінің қалдықтары.

Владимир Матонин, тәуелсіз сарапшы:

Қара қарда көмірсутек пен қара күйе көп. Бұл энергетикалық жылыту кешенінің қалдықтары. Темірмен бірге титан, барий, ванадий, кадмий металлдары табылды. Бұл металлургия, оның ішінде қара металлургия өндірісінің қалдықтары.

Комиссия қара қармен бірге ауаны та тексерген. Аймақтағы экология департаментінің мәліметінше, ауаны ластауда « Арселор Миттал Теміртау» көш бастайды. Қалдықтардың 77 пайызы осы команияның үлесінде. Қалған 33 пайызын басқа кәсіпорындар мен көліктер, пеш жағатын үйлер құрайды. 

«АрселорМиттал Темиртау» АҚ 77% «Bassel Group» ЖШС 6,8% «Қарцемент» АҚ 3,9% «ТЭМК» АҚ (1,3%) Автокөліктер 8,7% Пеш жағатын үйлер 1%

"Қазгидромет" мамандары да ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың қалыпты деңгейден артық екенін анықтаған. Аммиак 4 есе, күкіртсутек - 5, көмірсутек - 2, азот қоспалары 5 есеге дейін шарықтаған. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының өндірістерінен ауаға жылына 220 мың тонна қалдық тарайды екен. Кәсіпорын жиналыста бұл үшін айыппұл төлейтіндерін жеткізді.

Вадим Басин, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры:

Қалдықтар тастайтынымызды мойындаймыз. Ол үшін айыппұлдар төлейміз. Бірақ, қардың қараюына күннің желсіз, тынық  тұруы себеп болды. Әдетте далаға қарай жел соғып тұратын. Айтарлықтай заң бұзушылық болған жоқ. Өндірісті жаңарту арқылы соңғы жылы қалдықтарды бұрынғыдан 18 мың тоннаға азайттық.

Алайда, «Арселор Миттал Теміртау» 20 жылдан бері ауа райының қолайсыз күндері өндіріс күшін азайтпаған. Заң бойынша желсіз күндері зиянды қалдықтар ауаға әдеттегіден аз шығарылуы тиіс. Облыс әкімі Ерлан Қошанов компанияға "Қазгидрометпен" келісімшартқа отыруды міндеттеді.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

Компания "Қазгидрометпен" келісімшарт жасасып, ауа райының қолайсыздығы туралы ақпарат алып отыруға келісті. Мұндай кезде өндірістің жұмыс ережесі өзгертілуі тиіс. Желдің бағытына немесе соқпай қалуына байланысты атмосфераға шығаратын қалдықтарын азайтады. Сондай-ақ, компания бұл ақпарттарды ресми сайтында жариялауға міндетті.

Теміртаудың экологиялық ахуалын Энергетика министрлігі де бақылауға алды. Ауа райын зерттейтін қосымша бекеттер салып, "Қазгидрометтің" жұмысын жаңарту жоспарланған. «Арселор Миттал Теміртауға» бірқатар тапсырмалар берілді.

Ғани Сәдібеков, ҚР Энергетика вице –министрі:

"Арселор Миттал Теміртауға" өздері қалдықтар шығаратын санитарлық аумақтары мен мұржаларына есептегіш құралдар орнатуын тапсырдық. Және ол қалдықтарының мөлшері туралы халыққа, атқарушы органдарға ашық ақпарат таратып отыруға міндетті. Бұл ережелерді қаншалықты қадағалайтындарын тұрақты бақылаймыз.

Қара қарға байланысты басталған тексерістер әлі де аяқталған жоқ. Арнайы құрылған комиссия құрамына тәуелсіз экологтар мен сарапшылар, журналистер мен мемлекеттік атқарушы органдардың өкілдері енген. Мамандар «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының қалдықтарды сүзгіш қондырғыларын тексеруге кіріскен.

А
йжан ҚУАШ