Русский Сайттың толық нұсқасы

Жыл басталғалы Астанада 28 жол-көлік оқиғасы орын алып, 5 адам көз жұмған

  • AstanaTV
  • 29 қаңтар 2018
  • 2935

Аяз қысқан Астанада жол-көлік оқиғалары да жиілеп кеткендей. Жыл басталғалы 28 көлік апаты болып, 5 адам көз жұмған. Ішкі істер департаменті жүргізушілердің жол ережесін бұзбауын ескертеді. Қазір полицейлер көлік апаттарына сараптама жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшылары жүргізген зерттеу қаншалықты нәтиже береді?  Толығырақ тілшіміз Диана Сапарқызы баяндайды.

Диана Сапарқызы, тілші:

Айналасы екі тәулік ішінде Сарайшық және Амман көшелеріндегі мына көпірде адам өліміне әкеліп соққан екі жол көлік оқиғасы болды. Төрт адам көз жұмған. Қаза болғандардың барлығы Лада маркалы көліктің жолаушылары мен жүргізушілері екені анықталды.

Тәртіп сақшыларының дерегінше, 25 қаңтарда Сарайшық көшесіндегі көпірде 23 жастағы жүргізуші көк тайғақтың кесірінен көлік тізгініне ие бола алмай қалған. Қарсы бетке шығып кетіп, жеңіл көлікпен соқтығысқан. Қарсы бағыттағы темір тұлпардың рөлінде әйел адам отырған, ал  артқы орындықта 7 жасар бала болған. Олар түрлі жарақат алып, тірі қалды. Қазір әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Сәби ауруханадан үйге шығарылды. Алдыңғы көліктің жүргізушісі қайтыс болды.

Алексей Солод, травматолог-дәрігер:

Қазір науқастың жағдайы бір қалыпты ауыр. Алдағы уақытта жансақтау бөлімінен профильді бөлімге ауыстыру жоспарланып отыр. Пациент әрдайым жіті бақылауымызда болады.

Амман көшесіндегі апат полицейлердің айтуынша, жылдамдықты шамадан тыс арттырудың кесірінен болған. Мұнда ВАЗ және Toyota Runner көліктері жоғары жылдамдықпен келіп соқтығысқан. Лада көлігінің жүргізушісі рульді бақылай алмаған. Салдарынан жүргізуші мен оның 2 жолаушысы көз жұмды. Тойота көлігіндегі жүргізуші мен жолаушылар аман қалған.

Астана қаласы ішкі істер департаментінің ақпаратына сүйенсек, Елордада жыл басталғалы 28 көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде зардап шеккендер саны 33 адам. Ал қаза болғандар 5-еу. Былтыр 583 жол көлік оқиғасы болған. 624 адам зардап шегіп, 60 тұрғын көз жұмған.

София Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз хатшысы:

Қазіргі таңда осы деректер бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, осы фактілер ҚР Қылмыстық кодекісінің 345 бабы бойынша біріңғай сотқа дейінгі тергеп тексеру реестріне тіркелген болатын. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр.

Диана Сапарқызы, тілші:

Қазір тәртіп сақшылары жойқын жол апатының қалай болғаны туралы нақты зерттеу жұмыстарына кіріскен. Сонымен бірге, Астана қаласының ішкі істер департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы хабарлама таратты. Яғни жол ережесін бұзбауды, ал жаяу жүргіншілердің жолдан өткенде абай болуын айрықша ескертеді.