Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда «Таугүл» ықшам ауданында орын алған төтенше жайт толық шешімін тапқан жоқ

  • AstanaTV
  • 01 ақпан 2018
  • 3044

Алматыдағы «Таугүл» ықшам ауданындағы коммуналдық апаттан соң екіқабатты үйдің батареялары жарылған. Осылай деген тұрғындар онсыз да әупірімдеп тұрған апатты үй құлай ма деп отыр. Сондықтан туыстарының үйін жағалап кеткен. Ал барар жері жоқ отбасы қирандылар арасында қалған. Олжас Нұржақып баяндайды.

Қазір Болтушевтар пәтерінің қабырғалар сөгіліп, төбе жабындысының құлаған қирандылары пәтер ішінде үйіліп жатыр. Ал, Алена болса екі баласымен қайда барарын білмей дал. Амалсыз қараңғы бөлменің бір бұрышына жайғасқан. Жергілікті билік кеше келіп жылу қосқанымен, көмек қолын созуға асығар емес деп қынжылады ол.

Алена Пономарева, Алматы қаласының тұрғыны:

Тезірек пәтерімді жөнге келтірсе екен деп сұраймын. Бір ұлым 4 жаста. Екіншісі, міне, әлі кішкентай. Барар жеріміз де жоқ. Сол күні үлкен ұлымның қолына ыстық су құйылды. Қорқып қалған. Түн болса болды, үрейленіп жылай береді. Әкімдікке хабарласып, уақытша баспана тауып беріңізші деген ем, менің құзырымда емес дейді. Біз қалай тұрамыз бұл жерде.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары тұрғызылған тұрғын үйде 8 пәтер бар. Бірақ, тұрғындардың басым бөлігі таныстарының үйіне көшіп кеткен. Ал, Болтушевтар семьясы сол түні көрші үйінде паналап шығыпты.

Олжас Нұржақып, тілші:

Үйге жылу берілгенімен, пәтер ішінде әлі жарық жоқ. Мамандар сырттан электр сымын тартыпты. Бірақ бұл әрекеттерде үрейленген жұрттың жүрегіне медеу болар емес. Олар түн тыныштығын бұзған апатты тағы да қайталана ма деп қорқады.

Әкімдік өкілдері тұрғындарға қол созамыз депті. Алайда, қарасын көрсетпеген. Билік өкілдері апат салдарын анықтап жатырмыз дегенмен шектелді.

Бақытжан Рахымбеков, Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары:

Екінші қабатта орналасқан көршілердің батарейлерді қалай қажет екендігі бойынша бекітпегендігі салдарынан бірінші қабаттағы көршілерді су алып кетті. Осы мән- жайды анықтау жұмыстары жүргізіліп, жұмысшы тобы осы зардап нәтижелері бойынша жұмыстарын атқарып жатыр.  Уақытша баспана мүмкіншілігі жоқ, қазіргі таңда.

Төтенше жайтты тұрғындар коммуналдық апаттан болды деп отыр. Бірақ қалалық жылу жүйелері мекемесінің мамандары асығып шешім қабылдаудың қажеті жоқ деп отыр.

Әнуар Аманбаев, «Алматы жылу жүйелері» ЖШС инженері:

Таугүлдегі апат салдарын жойғаннан кейін жылуды бар күшімен берді деген сөзге еруге болмайды. Өйткені біздегі қысым деңгейі өлшеулі режіммен қосылады. Батарейлері жарылған пәтердегі жылу жүйелері - алюмин радиаторлар. Тұрғын үй ескі, жылу желілері де тозған. Оның үстіне біз жылуды күндізгі уақытта бердік. Ал төтенше жағдай түн жарымында орын алып отыр. Сондықтан, сараптама нәтижесі шықпай, кінәні бізден іздеу дұрыс емес.

Осылайша, жергілікті билік кінәліні анықтаймыз деп, екінші күнін де өткізді. Ал, оның нәтижесі шықпайынша, Болтушевтар жанұясына қирандылар арасында қорқынышпен өмір сүруге тура келеді. Бұл жағдай қанша күнге созылары да белгісіз.

Олжас НҰРЖАҚЫП