Русский Сайттың толық нұсқасы

2020 жылға дейін Қазақстанның барлық ауылдары жылдам интернетпен қамтамасыз етілмек

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2018
  • 2863

2020 жылға дейін Қазақстанның барлық ауылдары жылдам интернетпен қамтылады. Бұл еліміздегі цифрлы жүйені дамытуда ең басты қадамның бірі болмақ. Алматыда өткен  «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумында Үкімет басшысы осылай деді. Жиынға Еуразия экономикалық одағы мемлекеттерінің премьерлері қатысты.

Қағазбастылықтан құтылып, электронды жүйеге көшу - бүгінгі күннің басты талабы. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің осы салада көш бастауы білек сыбана кірісетін іске айналуы тиіс. Осыны ескерген Ресей үкімет басшысы: "Цифрландыруға біріге көңіл бөлетін кез жетті. Ол үшін ортақ кеңістік қажет. Сонда ғана белестерді бірлесіп бағындыруға болады", - деді.

Дмитрий Медведев, РФ премьер-министрі:

Цифрлық қызметті дамыта отырып, кибершабуылдарға қарсы тұруымыз керек. Ол үшін тауар, адам және өзге де нарықтарды біріктіріп, ортақ инфрақұрылым қалыптастырған жөн. Одақ деңгейінде. Сонда ғана ақпараттық қауіпсіздік, хакерлер шабуылы сынды мәселелердің алдын аламыз.

Қазақстанның Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, бұл бағытта көштен қалмау үшін, алдымен интернеттің сапасын арттыру керек, деген ойда. Тіпті, 2020-шы жылға дейін барлық ауыл аймақты жылдам ғаламтормен қамту көзделіп отыр.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Жалпы, цифрландыру жүйесі елімізде осыдан он жыл бұрын басталды. Әйтсе де біз жұрт күткен деңгейден қалып келе жатқанымызды түсінеміз. Осы себепті бүкіл мемлекеттік қызметтердің 80%-ын электронды әдіске көшіруді мақсат етіп отырмыз.

Олжас Нұржақып, тілші:

Форум барысында блокчейн мәселесі де айтылды. Дмитрий Медведев бұл технологияның болашағы зор дей келе, цифрлық дамуда фундаменталды серпіліс болатынын сөз етті. Яғни аталмыш жүйе, біріншіден, электронды бірізділікті қалыптастырса, екіншіден, әр мемлекеттегі азаматтардың анықтамаларын алуға арқау болады.

Маңызды жиын түс ауа үкіметаралық кеңес отырысына ұласты. Онда ұйымның осы уақытқа дейінгі атқарылған істері сүзгіден өтті. Алдағы жұмыс барысы талқыланды. Оның ішінде мемлекеттер арасындағы сауда-саттық пен экономикалық байланыс та қамтылды. Соңында ел премьерлері бірқатар құжаттарға қол қойып, ортақ келісімге келді.

Олжас Нұржақып