Русский Сайттың толық нұсқасы

Алдағы жылдан бастап балабақшаға кезекке тұру автоматтандырылады

  • AstanaTV
  • 23 мамыр 2017
  • 3009

Халықтың зейнетақы салымдары қайта ма? Тап осы сұраққа жауап іздеген астаналық журналистерді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Алматыға шақырды. Әзірбайжанның банкрот болған банкіне ақша құйған жинақтаушы зейнетақы қорының әрекетін сол жерде түсіндіруге уәде берді. Сондай-ақ Үкімет жиынында балабақша кезегінің қалай жылжитыны сөз болды. Жер телімдерін үлестіру процесіндегі өзгерістер айтылды. Үкімет отырысында талқыланған сұрақтар туралы Айгүл Әдепбай.

Айгүл Әдепбай,  тілші:

Үкімет отырысында Ұлттық банк мәселесі күн тәртібінде болмаса да, журналистер төраға Данияр Ақышевті торуылдаумен болды. Басты сұрақ біреу - Әзірбайжан банкіндегі азаматтардың зейнетақы салымын қайтаруға мүмкіндік бар ма. 71 миллиард теңгеден астам қаржыны зейнетақы қоры құрдымға кеткелі тұрған банкке апарып құйған еді. 

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Ертең Алматыда баспасөз мәслихаты болады. Сол кезде сұрақтарға жауап береміз. Премьер-министр, Мемлекет басшысы да ақпараттануы керек. Шешім қабылданған соң ғана Ұлттық банк бұл ақпаратпен бөліседі. Үкіметтің лифті сұхбат жүргізетін орын емес. 

Ал енді Үкімет отырысында елең еткізген жаңалықтарға тоқталсақ. Алдағы жылдан бастап балабақшаға кезекке тұру үрдісі автоматтандырылады. Және ол адами факторсыз, ашық болады. Жер телімдерін беру де бірыңғай электронды платформа арқылы ашық жүреді, деп сендірді үкімет мүшелері. Бұл "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының  жеңілдігі.

Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы:

Келесі жылы бала туған кезде, мәлімет бірден денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне түседі. Одан АХАЖ-ға түседі, ол жерден ЖСН беріледі де, ары қарай мәлімет еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне барады. Сөйтіп тиісті төлемдер аударылады. Одан соң сәбиге қатысты ақпарат Е-әкімдіктерге жетеде де, автоматты түрде балабақша кезегіне қойылады.  

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Жер телімдері мен бала бақшаға кезек әкімдіктерде жүреді. Егер балабақша кезегі корпорация арқылы ашық өтсе, халық бізге алғыс айтатын болады. Әкімдіктегі комиссияға барудың керегі жоқ, өзіңе ыңғайлы үйдің жанындағы бақшаға тұрып, кезекті күнде онлайн бақылап отырады. Машина автоматты түрде өзі анықтайды. Жер телімдері бойынша да солай.

Маусым айынан бастап айыппұл төлемегендерді ұшақтан түсіріп тастау үрдісі тоқтайды. Әуежайдан бірден онлайн төлеп, ұшып кете бересіз. Ал телефон нөмерін жеке сәйкестендіру нөмеріне тіркеп, тиісті құжаттарды үйде отырып алуға мүмкіндік болады. Бірінші шілдеден бастап электронды қолтаңбасыз 20 түрлі қызмет көрсетіледі. Болашақта көліктің техникалық төлқұжаттары Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбеде бір күнде, өзге қалаларда 1 аптада дайын болады.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Бағытжан Сағынтаев құжат машақатымен адамдарды әуреге салып жүгіртіп қоюды доғаруды тапсырды. Мемлекет қызмет көрсете ме, демек керек құжаттарды біріңғай ішкі жүйе арқылы өзіміз жинап алуымыз керек, деді. Әйтепесе өткен жылы тек 5 түрлі қызмет бойынша халық 23 миллион құжат жинап жүгірген.

Айгүл ӘДЕПБАЙ