Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандағы шет елдік қаржы институттарына резидент мәртебесі берілуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 05 ақпан 2018
  • 2830

Қазақстандағы шет елдік қаржы институттарына резидент мәртебесі берілуі мүмкін. Бүгін мәжілісте "Валюталық бақылау және реттеу" туралы заң жобасы таныстырылды. Ұлттық банк өкілінің айтуынша, бұл шет елдік компаниялар арасындағы қаржы айналымын бақылау тиімділігін арттырады. Айтарлықтай шектеулер жоқ. Тек, ел ішінде көрсетілетін қызметтер мен тауарлар үшін теңгемен есеп айырысу міндеттеледі. Шет елдік қаржы институттарының жыл сайынғы ақша айналымы 2,5 млрд доллар. Сондай-ақ, сырт елдерде қалып, қайтпай жатқан қаражатқа қатысты тексерісті күшейту қаралмақ.

Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:

2 жылдан артық уақыт бойы қайтпаған қарыздар күдік туғызуы тиіс деп есептейміз.  Оларды салық органдары, Қаржы министрлігімен қоса, кәсіпорындарға дейін тексеріп, араласа бастауы керек.

Бүгінде шет елге шыққан қаржының қайтару мерзімін бірнеше жылға созу үйреншікті құбылысқа айналған. Қомақты сомалар осылайша жылыстап кетеді. Қазір сырттан елге қайтпай қалған қарыз көлемі 17 млрд доллар. 6 млрд-ның мерзімі 2 жылдан асып кеткен.  Мәжілісмен Омархан Өксікбаевтың сөзінше, "валюталық реттеуді бақылайтын нақты орган жоқ. Мекемелер міндетті жырымдап бөліп алған". Осыларды ескерген депутат бақылау тетігін Үкіметке, оның ішінде Қаржы министрлігне беру керек" дейді.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Біз байытып жатырмыз біреулерді. Өзіміз қол созып жүрміз, 1 млн әкелші, 2 млн әкелші, инвестиция салшы елімізге деп. Ал бар қаржымыз ана жақта жатыр, шет елде. Оны кім бақылау керек, кім сұрау керек, кім қолына алу керек? Бұл белгіленбеген.