Русский Сайттың толық нұсқасы

Актер Ерлан Біләлге қатысты үкім шықты

  • AstanaTV
  • 07 ақпан 2018
  • 3928

Актер Ерлан Біләлдің ісіне нүкте қойылды. "Пара алуға оқталды" деп айыпталған ол мемлекетке 52 млн теңге төлейтін болды. Сондай-ақ сот үкімімен барлық марапаттарынан айырылады. Мемлекеттік айыптаушы жаза ретінде 90 млн теңге айыппұл салуды сұраған. Судья Қылмыстық кодексте көрсетілген талаптардың ең төменгі жазасын қолданғанын атап өтті. Сот залынан  Ришат Асқарбекұлы.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Судья бірнеше минутта Ерлан Біләлге тағылған айыптарды тізіп шықты. Үкім шығару барысында сотталушының отбасылық жағдайын, денсаулығының нашарлығын және елге сіңірген еңбегін ескергенін атап өтті. Актер жазасын айыппұлмен өтемек. Ол пара ретінде алған 1,5 млн теңгені 35 есе көлемде қайтарады.

Қуаныш Әріпов, Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының төрағасы:

Сот Бәліл Ерлан Әбділдәұлын Қылмыстық кодекстің 24 бабы 3-ші бөлімі, 366 бабы 2- бөлімімен кінәлі деп тапты. Оған 55 баптың 4-тармағында көрсетілген ең төменгі айыппұл белгіленеді. 52 млн 500 мың теңге. Күдікті бұл соманы бір ай ішінде мемлекет қазынасына төлеуге міндеттеледі. Бұл мерзімнен кешіккен жағдайда, бас бостандығынан айырылатынын ескертемін.

Істі тергеушілер де, сот та қысқартылған тәртіпте қарады. Прокурорлар алдыңғы процесте сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұраған. Дегенмен, сот оны мемлекеттік марапаттарынан айырды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және  «Құрмет» ордендерін қайтып алу туралы Елбасының атына ұсыныс жіберілген. 

Ерлан Біләл пара ретінде алған қаражатты өз пайдасына жұмсамаған. Тергеу барысында 600 мың теңгені «Сезам» теарының директорына қайтарып бергенін айтқан. Ал қалған 900 мың теңге мемлекет пайдасына тәркіленді. Сондай-ақ үкімге сәйкес, кепіл ретінде төленген 1 млн 200 мың теңге Ерлан Біләлдің туыстарына қайтарылды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Сол сияқты соталушы мемлекет мүлкіне қол салмаған деп саналды. Тиісінше, оның жеке мал-мүлкін тәркілемеу туралы шешім қабылданып отыр. Белгілі актерді тергеу және сот процесі барысында да әріптестері қолдап отырды.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ