Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстан облысында қасқыр шабу оқиғалары жиілеген

  • AstanaTV
  • 06 ақпан 2018
  • 6006

Шығыс Қазақстан облысында түз тағылары малға қырғидай тиіп жатыр. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері де Зайсан, Тарбағатай және Күршім аудандарындағы деректер күн санап артып келе жатқанын айтады. Мәселен, Зайсан өңірінде жыртқыштар 53 сиырды, 130 жылқы мен 205 қойды жарып тастаған. Мамандардың айтуынша, қасқырларда күйлеу кезеңі басталған. Сондықтан, олар елді-мекендерге жақындап, қорек іздейді. Алайда, мәселе мұнымен шектелмейді. Қар аз түскендіктен, биыл жыртқыш мекендейтін жерлерге арнайы техникамен жету де мүмкін болмай тұр. Сонымен қоса, басқармадағылар хайуандарды жою бойынша тендердің әлі өткізілмегендігін айтты. Ересек қасқыр үшін берілетін сыйақы 12 мың теңге болса, бөлтіріктің құны 6 мың теңге. Былтырғы жылмен салыстырғанда, қасқырлардың популяциясы айтарлықтай артқан. Мәселен, 2016 жылы - 948 болса, 2017-дегі көрсеткіш 1600-ге жетіпті.

Василий Ткаченко, ШҚО орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекеттену жасағы басшысының орынбасары: 

2017 жылғы қасқырдың саны 1 мыңнан асты. 50 пайызы атылуы тиіс, қазірде 395-і атылды. Қасқыр адамнан қорықпайды. Керісінше, адамдарға жақын жүреді. Әсіресе, қорек болатын малдарға үйір. Егер оның ізіне түссе, ол далаға қашпайды, не тауда, не малдың арасына тығылады.