Русский Сайттың толық нұсқасы

Юлия Галышева олимпиаданың алғашқы медалін қоржынға салды

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2018
  • 3283

Қазақстан Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан қысқы олимпиаданың алғашқы медалін қоржынға салды. Юлия Галышева спорттың фристайл-могул түрінен қола жүлдені еншіледі. Бүгін Пхенчханда Олимпиада медальдары табысталды. Спортшының жетістігі, шын мәнінде, ерлікке тең деуге болады. Өйткені бұл - фристайлдан Қазақстан тарихындағы алғашқы олимпиадалық медаль. Екінші айналымда спортшы 6-ыншы орында тұрақтаса, ақтық айналымда медаль үшін сынға түскен Галышева тамаша өнер көрсетті.

Юлия Галышева, XXIII қысқы олимпиаданың қола жүлдегері:

Көңіл-күйім керемет. Олимпиада жүлдегері ретінде тұңғыш рет пьедесталға көтерілдім. Бұл Қазақстан қоржынындағы алғашқы медаль. Және соңғысы да емес деп үміттенемін. Еліміздің атынан қатысып жатқан барлық спортшыларға жанкүйер боламыз. 

Бүгін чемпион қыздың анасы Светлана Галышева да құттықтауларды қабылдады. Біздің телеарнаға берген эксклюзивті сұқбатында перзентінің нағыз жанкүйері екенін мойындады. Сайыс басталарда қызын қалай қайраттандырғанын айтып ағынан жарылды.

Светлана Галышева,  Юлия Галышеваның анасы:

«Барлығына қаһарыңды төгіп, сайысты қыздыр да, суырылып алға шық, бұл сенің қолыңнан келеді» дедім. Қызым айтқанымды орындады. Қатты қобалжыдым, бірақ кейін қуаныштан жылап жібердім. Қызымды мақтан тұтам, оның менің перзентім болғаны үшін бақыттымын.