Маңғыстау облысында құтыру індетінен төрт түлік қырылып жатыр. Бір ғана Жармыш ауылында қырыққа жуық түйе мен жылқы өлген. Жергілікті халық әкімдік өкілдерінен жәрдем сұраған. Алайда, құзырлы мекеме сараптама қорытындысын күтіп, уақыт созып жүрген көрінеді. Енді халық індет малдан адамға жұға ма деп алаңдап отыр.
Аурудың алғашқы белгілерін ауыл тұрғындары өткен жылы қыркүйекте байқаған. Сол кезде 15 түйе мен жылқы өлген екен. Ветеринар мамандар ауруды анықтауға асықпаған соң тұрғындар өздері сараптама жасатады. Сол кезде оң нәтиже берген дейді. Ал өлген малдың саны 40-қа жеткенде, тағы бір сынама жасалған.
Жомарт Ұзақбаев, Жармыш ауылының тұрғыны:
Малды егу керек. Өткенде әкімге де айтқам. Әкім дәрі келмей жатыр дейді. Келген вакцина жекіліксіз, өтіп кеткен. Бізден басқа жақтар егілген.
Жармыш ауылының халқы малмен күн көріп отыр. Алайда, қатерлі дерт жұртты әбден әбігерге салған. Шағын шаруа қожалықтарымен қоса есептегенде ауылда 2 мыңға жуық түйе, 3 мыңдай жылқы бар. Ауырған малға салынуы тиіс вакцина әлі күнге жетпей жатқан көрінеді.
Бейсенбі Бекмағамбетов, Жармыш ауылының тұрғыны:
Бір ай көлемінде хабар береміз, егер құтырған болса, содан соң ақша бөліп, вакцина жасаймыз дейді. Ал, оған дейін мал өліп жатыр. Алдында түйе көптеп өліп еді, енді жылқы малы өліп жатыр. Біздің ауылдан 35-40 мал өлді.
Соңғы кездері далада өліп қалатын ит-құс та көбейген. Азаматтар әу баста малы ауырғанда құтыруға шалдыққанын білмей, сойып алған көрінеді. Енді дерт адамға жұға ма деп алаңдаулы.
Қалдыбай Теңселов, Жармыш ауылының тұрғыны:
Менің балам мал сойысқан, бірақ егілген жоқ. Егілмей жатқандар қаншама? Дәрі жоқ.
Мамандар болса, бастапқы екі сынамада дерт анықталмағанын, айтады. Тек соңғы Астанаға жіберген пробадан құтырудың белгілері табылған. Қазір қаржы бөліп, ем шараларын жасау мәселесі қаралып жатыр дейді.
Жаманқұл Әлиев, Жармыш ауылы әкімдігінің бас маманы:
Лабораторияға жіберілді, нәтижесінде құтыру деп келді. Қазір біз аудандық ветстанциямен хабарластық. Олар вакцинаны күтіп отыр. Енді егу жұмысын бастамақ. Дизинфекция жұмыстары жүргізілген. Енді адамға санэпидстанция қарайды ғой, олар өз жұмысын жасап жатыр.
Мамандар
аумақтағы 12 мыңдай мал басына жеке-жеке вакцина егуді жоспарлап отыр. Мұнан
бөлек ауырған малды сойған адамдар да тексеріледі дейді. Әзірге тұрғындар
арасынан ауру белгілері анықталмады. Ал, ауылда карантин жарияланған.
Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ