Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында шашылған медициналық қалдықтар қай мекемеге тиесілі екені тексеріліп жатыр

  • AstanaTV
  • 15 ақпан 2018
  • 3217

Қарағанды облысының Жаңа Долинка кенті маңында шашылған медициналық қалдықтардың қай мекемеге тиісілі екені тексеріле бастады. Ал Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері, полиция кінәлі ұйымды таппайынша, тексеру жүргізе алмаймыз деп отыр. Бұған дейін тұрғындар қолданылған шприц, ампулалар, бір реттік гинекологиялық айналар жойылмай, шашылып жатқанын хабарлаған еді. Тұрғындар оларды видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге де салған еді.

Ләззат Секербаева, Қарағанды облысы қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің бөлім жетекшісі:

«Әзірге нақты қай мекеменің заң бұзғаны белгісіз. Қазіргі таңда құзыретті органдармен тексерістер жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесі белгілі болғанда, біз өзіміздің жоспардан тыс жұмысымызды бастаймыз».

Мамандардың айтуынша, аймақта қолданылған медициналық құралдарды жоятын 3 ұйым бар. Олар қалдықтарды арнайы қораптарға салып, шағын зауыттарда санитарлық талаптарға сай жоюуы тиіс. Ал заттарды шашып кету - түрлі жұқпалы аурулардың таралуына әкелуі мүмкін. Тұрғындар ауыл маңында осындай үш бірдей аумақ бар екенін айтады. Ал бұл жерлерде мал жайылатын көрінеді. Жұрт дабыл қаққан соң, жергілікті полиция тексеруге кіріскен.