Алматыда осыдан екі жыл бұрын енгізілген ақылы автотұрақ бастамасы бір ізге түспей жатыр. Көлік иелері арасында оларды пайдалану мәдениеті қалыптаспаған. Ақы төлеуден жалтарып, көліктерін көп қабатты үйлердің ауласына қаңтарады. Осыған орай тұрғындар тарапынан шағым көбейген.
Шахарда ресми тіркелген 500 мыңдай көлік бар. Оларға күндіз уақытша тұрақ табу - проблема. 2 жыл бұрын қала билігі арнайы серіктестік құрды. Батыс елдеріндегідей, ақылы тұрақ жүйесін енгізді. Паркоматтар қойылып, бір реттік тұрақтың құны бекітілген. Қазір 10 мың орындық тұрақтар жұмыс істеп тұр. Бірақ оларды пайдаланбай, көлікті көп қабатты үйлердің ауласына қалдырып кететіндер көбейген.
Жақын
жерде банк орналасқан. Адам күніне көп келеді. Көшеде орын жоқ, әлде ақылы ма,
білмедім. Бәрі осы біздің аулаға әкеліп қаңтарып кетеді.
Күні бойы тұрған көлікке кешке барып төлем
жасағанда, код талап етіледі. Оны жаңағы орталыққа телефонмен жібересің, сосын
күтесің. Мұның барлығы мен үшін уақытты алады.
Осы аптада кей ақпарат құралдары үй аулалары көлік үшін ақылы болады деген хабар таратты. Қала билігінің бұл мәселеге қатысты өз уәжі бар.
Мақсұт Исахов, Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Аулаларға көліктерге тұрақ ақылы болады деген мәселе қаралып жатқан жоқ. Керісінше, қалалық әкімдікте сол аулаларға кірудің бір тәртбіні жасау ойластырылып жатыр. Ол КСК басшыларына шлагбаум қою ма, өзге ме, бір осы мәселені шешетін құжат бекітпекпіз.
Ақылы автотұрақ желісін дамытушы компания өкілдері бірнеше жаңашылдық енгізбек. Мобильді қосымша көмегімен тұрақ ақысын төлеу басталады. Ұялы байланыс компанияларымен келіссөздер жүріп жатыр. Одан бөлек айлық абонемент енгізу жоспарланған.
Марат Пірінбеков, «Алматы арнайы автотұрақ қызметі» ЖШС директоры:
Бұрыннан бізде 6 мың теңгелік абонемент бар болатын. Біз биылғы жылдан бастап қосымша 12 мың теңгеге айына барлық жерде тұруға болатын абонемент шығарып отырмыз. Яғни осы абонементі барлар өз көлігін тұрақтарға қоя береді.
Қала билігі ақылы тұрақ желісін жетілдіруге 2016 жылы 1 млрд 302 миллион теңге қаражат жұмсаған. Ал 2017 жылы 711 миллион қаржы игерілді. Былтыр саладан бюджетке 269 миллион теңге салық түскен. Автотұрақ ақысын төлемей кеткендерден түскен айыппұл көлемі 128 миллион теңге.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Маңайында
ақылы тұрағы бар көп қабатты үй тұрғындары үшін жеңілдіктер жасалмақ. Олар
түнгі мезгілде көліктерін қалдыра алады. Мұндай абонементтің құны бір айға бір
мың теңге ғана. Автотұрақ операторы биыл жыл соңына дейін тағы да 5 мың көлікке
арналған тұрақты ақылы етпекші.
Ришат
Асқарбекұлы